Соңғы бес жылда Түркияның Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдермен сауда айналымы 62,6 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Ertenmedia Түркия статистикалық басқармасының (TurkStat) мәліметіне сілтеме жасап.
Түркияның 2020–2024 жылдар аралығында ТМҰ құрамындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға экспорты 36,6 млрд долларды құраса, осы елдерден Түркияға жасалған импорт көлемі 26 млрд долларға жеткен.
Сауда айналымында Әзербайжан көш бастап тұр.
Түркияның Әзербайжанға бес жылда жасаған экспорты 12,8 млрд долларға жеткен. Бұл елге Түркия негізінен машина, механикалық құрылғылар, пластмасса бұйымдары және автомобиль тасымалдайды. Ал Әзербайжан Түркияға 5,3 млрд доллардың тауарын сатқан. Оның ішінде мұнай мен газ, мақта, алюминий және темір бұйымдары бар.
Әзербайжанның мұнайы мен табиғи газы Баку-Тбилиси-Джейхан (БТЖ), Баку-Тбилиси-Эрзурум (БТЭ) және Трансанатолий (TANAP) газ құбыры арқылы Түркияға жеткізіліп, Еуропаға таралады. Бұған қоса, Түркия соңғы жылдары Әзербайжан электр энергиясының ең ірі тұтынушысына айналды. Мұның өзі екі ел арасындағы энергетикалық байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Сауда байланысын жаңа белеске көтеретін басты жоба Зангезур дәлізі болмақ. Бұл жол Әзербайжанның негізгі бөлігі мен Нахчыван эксклавын жалғап, логистиканың шығынын азайтып, тасымал көлемін арттырады. Дәліз тек саудаға емес, энергетика және цифрлық коммуникация жүйесін біріктіруге де қызмет етеді деп күтілуде.
Түркиялық құрылыс компаниялары Әзербайжандағы әуежай, тұрғын үй, су, электр және энергетика желілерін тарту сияқты ірі жобаларда белсенді жұмыс істеуде.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен сауда да жылдам дамып келеді.
Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі бес жыл ішінде 23,4 млрд доллардан асқан. Қазақстан Түркиядан машина, тоқыма бұйымдарын импорттаса, керісінше, Түркияға негізінен мыс, минералды отын мен алюминий бұйымдарын жөнелтеді.
Қазақстан Түркияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі, әрі түрік инвестициясы бойынша көш басындағы елдердің бірі. «Орта дәліз» деп аталатын транзиттік бағыт Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықты жаңа деңгейге шығаруда. Биыл шілдеде екі ел осы дәліз арқылы теміржол тасымалын арттыру туралы арнайы келісімге қол қойған болатын.
Соңғы бес жылда Түркия мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемі 5,4 млрд долларға жетсе, Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы 15,8 млрд долларды құрады.
Аталған деректер Габала қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 12-саммиті қарсаңында жарияланды. Саммитте аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері қаралып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ.
Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы елдер Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия, Ташкент осы ұйымға 2019 жылы қосылған. Венгрия, Түркіменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы бақылаушы мәртебесіне ие.