Түркістан облысында бір аптаның ішінде 200-ден астам тазалық акциясы ұйымдастырылып, елді мекендерден 177 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының өңірде жүйелі түрде іске асып жатқанын көрсететін айқын дәлел. Тек өткен аптада облыстың барлық аудан мен қалаларында 57 мыңнан астам тұрғын экологиялық акцияларға қатысып, өз ауласын, көшесін, өзен жағалауларын тазартуға атсалысқан, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппараттық мәжілісте «Таза Қазақстан» бағдарламасының барысы жеке қаралды. Әкімнің айтуынша, экологиялық мәдениет – тек бір реттік сенбіліктермен шектелмеуі тиіс.
Тазалық – жүйелі әдетке, күнделікті өмір салтына айналуы қажет. «Әр аудан, әр ауыл өз аумағының тазалығына жауапты болуы керек. Рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділерін анықтап, жоюға нақты шаралар қабылдануы тиіс. Бұл – әкімдердің жеке жауапкершілігі», – деді облыс басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, соңғы аптада өңірде «Таза жағалау» атты ауқымды акция ұйымдастырылып, 7 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер мен тұрғын өзен-көл маңындағы аймақтарды тазалауға шыққан. Нәтижесінде, 1 000 шақырымнан астам жағалау аумағы қоқыстан тазарды, 143 тонна қалдық арнайы полигондарға жеткізілді. Бұл тек экологиялық шара ғана емес, азаматтық мәдениетті қалыптастырудың нақты қадамы болды.
Облыс бойынша «TazaQazBot» жүйесіне 3 мыңнан астам өтінім түсіп, олардың басым бөлігі орындалған. Бұл цифр – тұрғындардың белсенділігін, экологиялық мәселелерге деген жауапкершілік көзқарасын білдіреді. Тұрғындар енді тек сын айтып қана қоймай, нақты шешім ұсынуға, мәселені бірге шешуге атсалысып отыр.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда тазалық нормаларын бұзған 17 мыңға жуық адамға хаттама толтырылып, 502 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның жартысынан көбі өндірілген. Бұл тәртіптің орнауына, жауапсыздықтың азаюына ықпал етіп келеді.
Түркістан облысы әкімдігі экологиялық мәдениетті арттыруды ұзақмерзімді саясат ретінде қарастырып отыр. Апта сайын аудан және қала аумағында арнайы мониторинг топтары жұмыс істейді. Бірақ әкім орынбасарлары атап өткендей, кейбір аймақтарда қоқыс тастайтын орындар әлі де азаймаған. Бұл – халықтың да, жергілікті биліктің де ортақ міндеті. Қоқыс тазаланған жерде қайта төгілмеуі үшін бақылау күшейтілмек. Тұрғындардың өздері де тәртіп сақшыларына айналып, тазалық үшін ортақ жауапкершілікті сезінуге тиіс.
Мәжілісте тазалықтан бөлек, жылыту маусымына дайындық пен «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан білім нысандарының жағдайы да қаралды. Әкімдік тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрмыстық жайлылық мәселелері бір жүйеде бақылауда ұсталып отыр. Себебі тазалық, жылу және білім салаларының даму деңгейі – халықтың өмір сапасын анықтайтын басты өлшем.