Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиын Өскемен қаласындағы Амфитеатр алаңында ұйымдастырылды. Шара Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Ту көтерілумен басталды. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, Ту, Елтаңба және Әнұран елдің тарихын, рухын және болашаққа деген сенімін айқындайтын қасиетті құндылықтар екенін айтты.
Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әр азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Тәуелсіздік туын биік ұстау, ел абыройын асқақтату тек әскери қызметшілердің ғана емес, барша қазақстандықтың ортақ міндеті.

Салтанатты жиында өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Президент Жарлығымен «Құрмет» ордені Катонқарағай ауданындағы Сейітқамза Ластаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Назигүл Жылмасбаеваға және Ұлан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Майнұр Ескендіроваға табысталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Марқакөл ауданындағы Қалжыр орта мектебінің математика пәні мұғалімі Жанат Жікбаеваға, Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің география пәні мұғалімі Гүлбаран Ибраеваға және Глубокое ауданындағы Белоусовка орта мектебінің математика пәні мұғалімі Елена Саблеваға берілді.

Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандарға қызметтік куәліктерін салтанатты түрде тапсырды.
Шара мерекелік концертпен жалғасып, өңір тұрғындары үшін Мемлекеттік рәміздер күні елдік рухты көтеретін мазмұнды жиынға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







