Қазақстандық Forbes елдегі ең ықпалды бизнесмендердің дәстүрлі тізімін түзді. Биыл он бесінші рет дайындалған рейтингте әмиянның қалыңдығынан бөлек, бизнестің қоғамдық белсенділігі де назарға алынған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Рейтинг авторларының айтуынша, Қазақстандағы ірі бизнесмендер Қаңтардан кейін қаржылық саладан бөлек, өнер, спорт пен әлеуметтік жобаларға да араласып, қоғамға ықпал етуші күшке айналған.
2025 жыл бірнеше тың әрі маңызды бастамаларымен есте қалған жыл болды. Мысалы, Astana Motors-тың негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов Алматыда елдегі алғашқы заманауи өнер музейі Almaty Museum of Arts орталығын ашты.
Рейтингке қайта оралған бизнесмен Қайрат Боранбаев елордада заманауи мәдениетті насихаттайтын «Целинный» орталығын іске қосып, оның иелігіндегі «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Сарапшылар осы оқиғаны қазақ футболының ренесансы деп бағалап отыр.
BI Group басшысы Айдын Рахымбаев та осы жылы белсенділігімен көзге түсті.
Ол құрған «Ана үйі» мен IQanat білім жобаларының тәжірибелері әлемдегі ең беделді Гарвард бизнес-мектебінің оқу бағдарламасына енді. Сонымен қатар, Арсен Томскиймен бірлесіп, халықаралық деңгейдегі жаңа жобаларды әзірлеуде.
Ал Alageum Group компаниясының негізін қалаған Сайдулла Қожабаевтың кәсібін бүгінде баласы Еркебұлан Ілиясов басқарады. Ол биыл Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті болып сайланды.
Кәсіпкерлер Қанат Көпбаев пен Марат Жұман да ұлттық спорт түрлеріне ірі инвестиция салуда. Бұл бұрын тек мемлекеттің қамқорлығында болған сала еді.
Биылғы рейтингтің көшін Forte Bank-тің негізгі акционері, Narxoz университеті мен бірқатар ірі қонақүйлердің иесі, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов бастады.
Екінші орында Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасы әрі елдің ең ауқатты кәсіпкері Вячеслав Ким тұрса, үшінші орынға Astana Motors, MEGA сауда орталықтары желісі және Mycar компанияларының иесі Нұрлан Смағұлов орналасқан.
Ықпалды бизнесмендердің алғашқы ондығына Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Тимур Құлыбаев («АЛМЭКС» холдингі, «Joint Resources»), Владимир Ким (KAZ Minerals Ltd, RBK Bank), Айдын Рахымбаев (BI Group), Шухрат Ибрагимов (ERG), Андрей Лаврентьев («Аллюр», «Агромашхолдинг KZ», Qarmet), Кеңес Рақышев (Fincraft Group, Fincraft Resources, БТА Банкі) енген.
Рейтингке қайта оралған Қайрат Боранбаев биыл 20-орыннан көрінді. Forbes тізімінде жаңадан бой көрсеткен жалғыз тұлға International Educational Corporation Ltd холдингінің иесі Айғазы Құсайынов. Оның иелігінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақ-Америка университеті, Digital College және Charterhouse Almaty халықаралық мектебі бар.
Биылғы тізімдегі ең егде кәсіпкер 76 жастағы Серікжан Сейітжанов («Оңтүстік» ФТПК), ал ең жасы Тимур Турлов. Рейтингтегі жалғыз әйел кәсіпкер – Lancaster Group иесі Гауһар Қаппарова (38-орын).