Әлемдегі ең ірі астық импорттаушы саналатын Египет 15 жылдық үзілістен кейін Қазақстан бидайын қайта сатып ала бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мысырдың мемлекеттік астық сатып алушысы Future of Egypt (Mostakbal Misr) компаниясы қазақ жерінен шыққан екі бірдей кемені қабылдап алды. Қыркүйектің ортасында Египет портына жеткен кемелердің бірінде шамамен 11 мың тонна, екіншісінде 21 мың тонна отандық бидай болған.
Дубайлық ZAWYA басылымының мәліметінше, соңғы рет египеттіктер қазақ бидайын мемлекеттік деңгейде 2010 жылы сатып алған екен.
Жалпы Египет тарапынан қазақстандық астыққа сұраныс әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты туындап отыр. Былтырдан бері астық жеткізу тізбегіндегі іркіліс, бағаның құбылуы және Ресей-Украина қақтығысы салдарынан Египет балама елдерден астық алуға мәжбүр болған.
Осы мақсатта қазан айының басында Future of Egypt компаниясының өкілдері Қазақстанға арнайы келіп, екіжақты байланысты тереңдету туралы келіссөз жүргізіп қайтты.
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ. Сол себепті қазақ астығы көбінесе Қара теңіз арқылы Ресей порттарымен тасымалданады. Осыған қарамастан еліміздің бидайы ғаламдық нарықта стратегиялық балама ретінде қарала бастады.
Былтыр Reuters агенттігі Египеттің сол кездегі мемлекеттік операторы GASC-тың қазақ бидайын сатып алу үшін БАӘ компанияларымен қаржыландыру жөнінде келіссөз жүргізгенін жазған.
Биыл алғашқы жарты жылдықта Мысырдың жалпы астық импорты, жекеменшік секторды қоса алғанда, 30%-ға төмендеп, шамамен 5 миллион тоннаны құраған. 2022 жылғы азық-түлік дағдарысынан кейін Египет үкіметі қойма санын көбейтіп, ішкі өндірісті арттырып, жеткізушілер санын әртараптандыруға кіріскен еді.
Сарапшылардың айтуынша, 2025-2026 жылғы астық маусымында Египет астық тапшылығына ұшырамайды. Ел импорт көлемін былтырғы 13 миллион тонна деңгейінде сақтап қалмақ. Бұл ретте негізгі жеткізуші Ресей болып қала береді.
Қазақстанның енді қанша көлемде және қандай бағамен астық экспорттайтыны әзірге белгісіз.
Десе де 2000 жылдардың ортасынан бері қазақ бидайын алғаш рет мемлекеттік деңгейде сатып алған Египет жаңа сауда бағытының басталғанын аңғартып отыр.
Айта кетелік, биыл Қазақстан соңғы 15 жылда алғаш рет Нөрвегия мен Мароккоға да астық экспортын қайта жандандырды. Тіпті үкімет осы бағыттағы алғашқы тасымал шығындарын резервтен бөліп те қойды.