Атышулы олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «Петропавл жылу желілері» компаниясы мемлекет меншігіне өтуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia Петропавловск.news порталына сілтеп.
Қазіргі уақытта «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ пен Петропавл қаласы әкімдігі арасында компанияны муниципалды меншікке өткізу туралы келіссөз жүріп жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше
бастаманың басты мақсаты жылу желілерін басқаруды бір қолға шоғырландырып, толықтай жаңарту. Себебі Петропавлдың жылу жүйелерінің 70 пайыздан астамы әбден ескірген.
Сонымен қатар, бұл қадам жылу тарифтерінің күрт қымбаттап кетуіне жол бермеу үшін де қажет.
«Компанияны мемлекет меншігіне өткізу арқылы ұлттық жобаға қатысып, инфрақұрылымды жаңғыртуға бюджеттен қаржы тартуға болады. Нәтижесінде апатты жоюмен шектелмей, бүкіл жылу жүйесі толық жаңартылады. Бұл болашақта тарифтердің тұрақты әрі қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Яғни жылу құны орта және ұзақ мерзімде тұтынушыға салмақ түсірмейді. Бұл Қызылжар қаласы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім», – дейді әкімдік өкілдері.
Келісімнің басты шарты ретінде жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және «Петропавл жылу желілері» компаниясы қызметкерлерінің еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін толық сақтау аталып отыр.
Сондай-ақ мәміле барысында компанияның жеткізушілер, мердігерлер және қызметкерлер алдындағы қарызы болмауы тиіс.
Әкімдік мәміленің барлық рәсімі заң аясында ашық әрі жария түрде өтетінін және құжатқа қол қойылған соң бірден жұртшылыққа хабарланатынын айтты. Петропавл жылу желілерін қала балансына өткізу процесі 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.