Маңғыстауда тағы да газ тапшы. Автогаз құю станцияларының алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұр, жүргізушілер жанармай тапшылығына шағымдануда, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda порталының мәліметінше өңір әкімдігінде өткен шұғыл жиында облыстың кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев бұл жағдайға Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы себеп болғанын айтқан.
Қазір газ тапшылығын жою үшін Ақтөбеден, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан 3,6 мың тонна сұйытылған газ теміржол арқылы жеткізіліп жатыр. Логистиканың өзгеруі тасымал мерзімін ұзартып, станцияларда кезектің көбеюіне әкеліп соққан.
Алайда мәселе жалғыз зауыттың жөнделуінде ғана емес.
«Кейбір кәсіпкерлер өздеріне бөлінген газды белгіленген станцияға жеткізбей, басқа аймақтарға сатып жіберген. Бұдан бөлек, газ көлемін көбейту үшін кейбір кәсіпкерлер жаңа станцияларды формалды түрде ғана тіркеп, іс жүзінде өнімді өзге нүктелер арқылы саудалаған», – дейді басқарма басшысы.
Сансызбаевтың айтуынша, мұндай айла-тәсілдер газ тапшылығын ушықтырып, әлеуметтік наразылық туғызуы мүмкін.
Қазір әкімдік барлық газ құю станцияларына тексеріс жүргізіп, «әр литр газдың қайда кеткенін анықтаймыз» деп уәде беріп отыр. Ресми дерек бойынша, облыстағы газ құю бекеттерінің саны бір жыл ішінде 462-ден 552-ге дейін өскен. Бірақ олардың біразы іс жүзінде жоқ, «елес» бекеттер болып шыққан. Мысалы, Бейнеу ауданында кәсіпкерлер 1500 тоннадан астам газ алғанымен, оны басқа станцияларда сатқан.
Дегенмен, бұл проблема Маңғыстау өңірі үшін таңсық емес.
Былтыр қарашада да Ақтау тұрғындары газ тапшылығынан сағаттап кезекте тұрған. Сол кезде әкімдік мұндай жағдай «қайталанбайды» деп сендірген еді. Бірақ биылғы күз тағы сол тапшылықпен басталды. Әкімдік Атырау зауытындағы жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталып, 1 қарашадан бастап газ жеткізу қалыпты режимге көшетінін мәлімдеді.