Ұлыбритания ресейлік «Лукойл» мен «Роснефть» компаниясын «қара тізімге» енгізгенімен, олардың Қазақстандағы бірқатар ірі мұнай-газ жобаларына қатысты қызметін шектемейтін болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Forbes-тың мәліметінше Британ үкіметі екі компанияның Қазақстан мен Әзербайжандағы стратегиялық жобаларда жұмыс істеуіне рұқсат берген.
Әсіресе, Қазақстан үшін маңызды Каспий құбыр консорциумы (КТК), «Теңізшевройл» (ТШО) және Қарашығанақ жобасы ерекше аталып, орыстардың осы жобадағы қызметін санкциядан уақытша босату қарастырылған. Аталған жеңілдік 2027 жылдың 14 қазанына дейін жалғасады.
Ресейлік компаниялар Қазақстанның мұнай-газ саласына дендеп еніп алған.
Атап айтсақ «Лукойл» компаниясы «Теңізшевройлдың» 5 пайыз, ал Қарашығанақ жобасының 13, 5 пайыз үлесіне ие. Бұдан бөлек, 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеруге қатысты бірлескен келісімге қол қойған.
Келісім аясында «Лукойл» қазақстандық «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС-ның жарғылық капиталының 50 пайызын сатып алып, стратегиялық серіктес атанған болатын.
Ресейлік компанияның осы кен орындарына құятын инвестициясы алдағы жылдары 6 миллиард доллардан асатыны, ал алғашқы теңіз платформаларының іске қосылуы 2026 жылға жоспарланғаны айтылған.
Президент Тоқаев 14 қазанда «Лукойлдың» Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығына орай өткен іс-шарада компанияның елімізге салған инвестициясының жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асқанын, осы уақытқа дейін 94 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндіргенін атап өткен еді.
Ал «Роснефттің» Қазақстандағы негізгі рөлі мұнай экспортын қамтамасыз ететін Каспий құбыр консорциумындағы үлесімен байланысты. Компания КТК-ның 7, 5 пайыз акциясына ие және қазақстандық мұнайдың сыртқы нарыққа тасымалдануында шешуші мәнге ие оператордың бірі саналады.