Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ақорда пен Үкіметтің экономикалық реформаға қатысты соңғы шешіміне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, президент Тоқаев премьер Бектеновке «экономикалық саясатты халықтың мүддесіне қарай бейімдеу» туралы пәрмен берген.
Артынша Үкімет осы тапсырманы орындау үшін апыл-ғұпыл жиын өткізіп, «кабминнің» бұған дейін қабылдаған шараларының салдарымен күресуге кірісіп кеткен.
«Түсінгеніміз, үкіметтің осыған дейінгі істеген тірлігі халықтың мүддесіне қайшы келген болып тұр ғой. Жыл басынан бері желідегі қауым мен шағын-орта бизнес өкілдері де осыны қақсап айтып келді. Айналып келгенде мәселеге Тоқаев араласты, Ақорданың тоқпағы керек болды», – дейді Сәтпаев.
Саясаттанушы бүгінгі дүрбелеңнің тегін емесін, мұның артында тақап қалған референдум мен билік транзитіне түрткі болатын конституциялық өзгерістер жатқанын тілге тиек етіпті. Пікірінше, билік алдағы сайлауға дайындық аясында өз әрекетін қайта қарап отыр.
«Шын мәнінде жүйе «Қаңтардың» қайталануынан қауіптенеді. Елді әдемі ұрандармен алдаусырату саясаты нәтиже бермей тұр. Әлеуметтік жағдай күрт нашарлап, баға өсіп, кіріс азайып барады. Әлемдік тәжірибеде көрсеткендей, халықтың қарны ашса, биліктің ұраны күресінге тасталады. Түнеукүнгі Непал, Марокко, Мадағаскардағы кейінгі толқын жастардың (зумерлердің) көтерілісі талайды ойландырып тастады», – дейді Досым Сәтпаев.
Ertenmedia осының алдында Бектенов үкіметінің инфляцияны ауыздықтап, халық пен бизнесті қолдауға бағытталған шаралар іске қосқанын хабарлаған еді. Министрлер Тоқаевтың түртпегінен кейін қимылдай бастаған.
Бензин мен тарифтің «тайм-ауты»: Үкімет халықтың қалтасына қарайлай бастады