Депутат Ермұрат Бапидің араласуымен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың қатысы бар атышулы іс қайта жалғасты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін Бәпи қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаевтың шағымы бойынша Бас прокурорға жүгінген. Ерментаев өз меншігіндегі «PORUS» ЖШС-дегі үлесін «сантехниктің» ұлы рейдерлік жолмен тартып алғанын айтқан болатын.
«Рейдерлік әрекеттен кейін кәсіпкер тақырға отырған. Оның шағымымен Алматының Экономикалық тергеу департаменті 2022 жылы компаниядағы Ерментаевқа тиесілі үлесті тартып алу бойынша іс қозғаған. Алайда екі жылдан соң, “қылмыс құрамы жоқ” деген желеумен іс жабылған. Назарбаев әулетінің әмірі жүргені айтпаса да түсінікті», – дейді депутат.
Алайда 9 қазанда аталған іс бойынша тергеу қайта басталды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
«Алматының Экономикалық тергеу департаменті Қуат Ерментаевқа тиесілі “PORUS” компаниясындағы 16 пайыздық үлесті заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеу жүргізген. Іс қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған еді. Алайда Ерментаев ұсынған қосымша аргументті қайта зерттеу нәтижесінде істі тоқтату туралы ескі қаулының күші жойылып, тергеу қайта жалғасты», – деді Асылов.
Әлгіден кейін Алматының Экономикалық тергеу департаменті кәсіпкерге тізе батырған Бөкеңнің баласына қатысы тергеу амалын бастап кетіпті. Істің барысы Асыловтың бақылауында.
41 жастағы Нұрбол Назарбаевты бұған дейін Бас прокуратураға қарасты Активтерді қайтару комитеті де сотқа берген-ді.
Экс-президенттің немере інісі 58 млрд теңге қарызы үшін істі болып жатыр. Оның банктегі есеп-шоты мен дүние-мүлкі бұғатталып, түрлі компаниядағы үлесіне шектеу қойылған. Бұған қоса ол елден шығу құқығынан айырылды.
Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Бөкеңнің өзі өмірден өткенмен, отбасының активі ыдырай қоймаған еді.
Соңғы кезде Нұрболға қарсы ақпараттық науқанның күшейгенін байқауға болады. Бапи бастаған депутаттар Болаттың ұлдарына күн бермейін деп тұр. Бөкең қайтыс болса да, ол үшін «Жаңа Қазақстан» алдында жауап беретін адам бар. Ол Болаттың ұлы — Нұрбол Назарбаев.
Бөкеңнің артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары Нұрбол мен Ербол Назарбаевтардың қолы ұзын.
Әулетке қойылған ультиматум: Депутат Бапи «Болаттың баласынан» жауап талап етті