Белгілі қаржы сарапшысы әрі журналист Айбар Олжай өзінің Фейсбук парақшасында қоғамда қызу талқыға түскен жағдайға байланысты Бас прокуратураға ресми өтініш жолдағанын мәлімдеді. Ол журналист Асхат Ниязовтың әлеуметтік желіде айтқан бейәдеп сөзі қоғамда ашу туғызып, ұлт арасына сызат түсіруі мүмкін деген уәжбен Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша сараптама жүргізуді сұраған. Бұл бапта ұлт, нәсіл немесе діни араздықты қоздыруға қатысты құқықтық жауапкершілік қарастырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшы Айбар Олжай мәселенің мәні сотталу не жазалау емес, қоғамды бір-біріне қарсы қоюдың алдын алу екенін тілге тиек етті.
– Мүмкін, Асхаттың айтқаны жай қалжың болар. Бірақ әзіл адамның араздығын қоздыратын құралға айналмауы керек. Нағыз әзіл адамдарды жақындастыруға, қоғамның ішкі жарасын жазуға қызмет етуі тиіс, – дейді Айбар Олжай.
Қазір әлеуметтік желіде бір сөздің өзі мың адамды қозғалтатын күшке ие. Сондықтан қоғам алдында жүрген әрбір адамның айтқан сөзі тек жеке пікір емес, тұтас ортаның айнасы.
Асхат Ниязовтың сөзіне байланысты пікір екіге бөлінді. Бірі оны «әдеттегі қалжың» деп ақтаса, енді бірі мұндай деңгейдегі журналист қоғам алдында мәдениет пен тілге құрметтің үлгісін көрсетуі керек деген ұстанымда. Ал Айбар Олжайдың әрекеті жазалау ниетінен емес, мәдениет пен жауапкершілік туралы қоғамда диалог орнату мақсатына бағытталған.
Соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы қоғамның пікірін қалыптастыратын тұлғалардың әсері күшейді. Мұндай жағдайда кез келген бейәдеп сөз немесе ұлтқа, тілге, дінге қатысты оғаш қалжың қоғамның тұтастығына сызат түсіреді.
Сондықтан прокуратура тарапынан сараптама жүргізу тек заңдық қадам емес, қоғамдағы этикалық шекараларды айқындаудың да амалы болмақ.
Айбар Олжайдың өтініші қоғамның ішкі мәдени деңгейін көтеру қажеттігін де аңғартады. Себебі әзіл мен пікір еркіндігі демократияның көрсеткіші, бірақ оның да жауапкершілік таразысы бар.