Мәжілістің пленарлық отырысында вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдің 2026–2028 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Базалық болжам бойынша 2026 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 5,4 пайызды, ал алдағы үш жылдағы орташа жылдық өсім 5,3 пайызды құрайды. Жалпы ішкі өнім номиналды түрде 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуіне нақты сектор мен қызмет көрсету саласының дамуы ықпал етеді», – деді Жұманғарин.
Министрдің мәліметінше, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде өсім қарқыны 2026 жылы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға артады. Сонымен қатар үш жылдағы орташа көрсеткіш тау-кен өндірісінде 2,8 пайыз, ауыл шаруашылығында 3,9 пайыз, құрылыста 11 пайыз, көлік қызметтерінде 10,1 пайыз, сауда саласында 6,7 пайыз деңгейінде болжанып отыр.
«Экспорт көлемі 2026 жылғы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға, импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін артады деп күтілуде», – деді министр.
Инфляция көрсеткіші 2026 жылы 9-11 пайыз аралығында болжанса, 2027–2028 жылдары орта есеппен 6 пайыз деңгейінде тұрақтайды.
Жұманғарин баяндамасында мемлекеттік қаржының жай-күйіне де ерекше тоқталды. Бюджет болжамы 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасындағы мақсатты көрсеткіштерге сүйеніп әзірленген.
«Трансферттерді қоспағандағы кірістер көлемі 2026 жылы 19,2 трлн теңге деңгейінде болжанған. Бұл ІЖӨ-ге шаққанда 10,5 пайыз. Биылғы жылмен салыстырғанда кіріс көлемі 4,7 трлн теңгеге өседі. Ал 2028 жылға қарай аталған көрсеткіш 23,2 трлн теңгеге, яғни 20,8 пайызға ұлғаяды. Осылайша, республикалық бюджеттің өзіндік кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7 пайыздан 2028 жылы 83,5 пайызға жетеді», – деп атап өтті министр.
Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде бекітілген. Ал шығыстардың өсу қарқыны 2026–2028 жылдары 108,7–109,3 пайыз деңгейінде тұрақтандырылады.
«2026 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 27,7 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 15,1 пайызын құрайды. Ал 2027 жылы – 28,8 трлн теңге (ІЖӨ-нің 14 пайызы), 2028 жылы 29,8 трлн теңге (ІЖӨ-нің 13 пайызы). Осындай кіріс-шығыс балансы бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз етуіне толық мүмкіндік береді, яғни Ұлттық қордан мақсатты трансферттер алудың қажеті жоқ», – деді ол.
Фискалды дефицит 2026 жылы ІЖӨ-нің 2,5 пайызына, мұнайдан тыс дефицит 4,9 пайызына тең болады. 2028 жылға қарай аталған көрсеткіштер сәйкесінше 0,9 және 2,7 пайызға дейін төмендейді. Үкіметтің борыш деңгейі де біртіндеп қысқарып, 2026 жылғы ІЖӨ-нің 21,4 пайызынан 2028 жылы 19,6 пайызға дейін азаяды. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштер мемлекет белгілеген қарыз шектерінен аспайды.