Республика күні мерекесі қарсаңында руханиятқа қатысты жақсы бір шара болды. Халықтың рухани сұранысына сай аса қажет кітаптарды шығарып келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясына және оның президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедке қоғамның берген лайықты бағасы жоғары марапаттар тапсырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиын барысында корпорация президенті Рақымғали Абрарұлы қонақтарды баспаның қызметі мен жетістіктерімен таныстырды.
Өз кезегінде Марат Байділдәұлы Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес пен «Уақыт Таңдауы» агенттігінің бірлескен жобасы аясындағы байқау қорытындысы бойынша қоғамның таңдауы — «Атамұра» корпорациясына «Жылдың үздік баспасы» марапатын табыстады. Және де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлына ұлт руханияты мен баспа ісіне қосқан зор үлесі үшін «Ұлт қайраткері» медалі тапсырылды.

Осы ретте еске сала кетерлігі, мемлекеттің марапаты — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен биыл бірінші рет Қазақстанның барлық баспаларының қатысуымен өткен «Кітап күні» — 23 сәуірде «Атамұра» баспасы республиканың «Үздік баспа» марапатына ие болған.
Талантты баспагер, іскер ұйымдастырушы, мықты менеджер hәм ұлтжанды азамат Рақымғали Абрарұлы мен ол басқаратын «Атамұра» баспасына берілген бұл қоғамның марапаты — лайықты сыйлық. Ұлт мұраты, халық мүддесі жолындағы қызмет абыроймен жалғаса берсін, ұзағынан сүйіндірсін!