Неміс билігі ресейлік «Роснефтің» ел аумағындағы активін, соның ішінде Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытын өз меншігіне алуды жоспарлап отыр. Кейбір болжам бойынша, зауыт кейіннен Қазақстанға сатылуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters дерегінше, неміс үкіметі «Роснефтьтің» жергілікті активін мемлекет меншігіне өткізіп, артынан жаңа инвесторға сату мәселесін қарастыруда. Әңгіме Әміриканың «Роснефтьке» салған санкциясынан кейін қызу талқылана бастаған. АҚШ Қаржы мин-і орыстардың неміс жеріндегі бөлімшесін 2026 жылдың сәуіріне дейін санкция құрсауынан босатқанымен, Берлин компанияны шектеуден біржола шығарып алуды қалайды.
Ресей компаниясына тиесілі активті үшінші тарапқа сатудың бірнеше варианты қарастырылуда. Ықтимал инвестордың қатарында қазақстандық компанияның аты аталыпты.
Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты «Роснефтьтің» Германиядағы ең құнды активі. Зауыт Берлинді, Шығыс Германияны және химия өнеркәсібін маңызды отынмен және мұнай өнімімен қамтамасыз етеді. «Роснефть» бұған қоса Германиядағы тағы екі мұнай өңдеу зауытында үлеске ие.
Путин Украинаға басып кіргеннен кейін әлгі активтерді уақытша басқаруға алған. Жалпы құны шамамен 7 миллиард доллар. «Роснефть» осы активтерді былтырдан бері сата алмай жүр.
Шведт зауытының Қазақстан үшін маңызы ерекше. Дәл осы зауытқа Қарашығанақ, Теңіз және Қашағаннан шығарылған мұнай жеткізіледі. Қазақ мұнайы Ресей мен Беларус аумағы арқылы «Транснефтьтің» құбырымен тасымалданады.
Біздің елден Германияға мұнай экспорты ұдайы өсіп келеді. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында Шведт зауытына 1,5 млн тонна қазақ мұнайы жеткізілген. 2026 жылы ай сайынғы тасымал көлемін 130 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Германия заңдары Шведт зауытын мемлекетке өткізуге мүмкіндік береді, бірақ неміс билігі әзірге бұл қадамға барудан тартынып отыр. Ресейлік активтерді мемлекетке өткізу Мәскеудің Германия компанияларына қарсы шара қабылдауына әкелуі мүмкін деген қауіп бар.
Кремль бұған дейін Батыс әлемін Ресей активтерін мемлекет меншігіне алмауға шақырған. Соған қарамай кейбір неміс депутаттары Шведт зауытын орыстардан қайтарып алуды талап етуде.
«Бұл Германия үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Үкімет ертеңге сенімді болу үшін «Роснефтьтің» активтерін мемлекет меншігіне өткізуі тиіс», – дейді олар.
Бундестагтағы «Жасылдар» партиясының өкілі Михаэль Келлнердің айтуынша, Қазақстан мен Қатар инвесторлары «Роснефтьтің» активтін сатып алуға ниет білдірген. Немістер Шведт зауытын мемлекетке өткізсе, оның қазақ компаниясына сатылуы әбден мүмкін.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

