Президенттің экономика жөніндегі бұрынғы уәзірі Қанат Шарлапаев тағы бір маңызды қызметінен айырылды. Ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі құрамынан ресми түрде шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Шарлапаевты 14 қазанда холдингтің жалғыз акционерінің шешімімен кеңес құрамынан шығарып жіберген.
Енді «Бәйтерек» басқарушы органының құрамында тоғыз адам қалды, олардың арасында премьер-министр Олжас Бектенов, оның бірінші орынбасары Роман Скляр және Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бар.
Бұл Шарлапаевтың соңғы бір айда жоғалтқан үшінші лауазымы.
Бұған дейін ол (2025 жылдың 28 ақпанына дейін) Индустрия және құрылыс министрлігін басқарды, одан кейін Тоқаевтың экономика жөніндегі кеңесшісі қызметіне ауысты.
Биыл 25 қыркүйекте оны осы лауазымынан босатты, дәл сол күні ол «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ директорлар кеңесінен де шығарылды.
«Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне Шарлапаев министр қызметінен кеткеннен кейін, сәуір айының соңында қайта оралған болатын.
Шарлапаев барлық маңызды қызметінен президент Тоқаевтың АҚШ сапарынан кейін айырылып отыр. Президенттің экономика бойынша кеңесшісі ретінде ол шетелдік инвестиция тартуға және халықаралық әріптестермен маңызды мәміле жасауға жауапты еді.
«Мұның кездейсоқ болуы мүмкін емес. Ақорда оның басқарушылық қабілетінен көңілі қалған сынды. Дегенмен, оның жұмыссыз қалмасы анық. Оған жаңа қызмет дайындап қоюы да ғажап емес», — дейді осы орайда Orda порталы.
Шарлапаев министр қызметіне тағайындалғанда тарихи Отанына оралған тәжірибелі қандас ретінде таныстырылып, оның шетелдегі білімі мен тәжірибесіне үлкен үміт артылған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

