Eurasian Resources Group (ERG) Швейцарияның әйгілі трейдерлік компаниясы Mercuria Energy Group-пен үш жылға келісім жасап, Африкадағы жобаларын дамытуға 100 млн долларға дейін инвестиция тартатын болды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, швейцариялық компания ERG-дің Конго Демократиялық Республикасындағы мыс кеніштерін игеруге қызығушылық танытып отыр. Mercuria кейінгі кездері түсті металл нарығына ден қойып, Африкадағы активтерге ерекше назар аударуда.
Соның арқасында биылғы жылы Mercuria-ның металл саудасымен айналысатын бөлімшесі табысын бірден 300 млн долларға арттырған.
Mercuria-ның металл және минералды шикізат бойынша директоры Костас Бинтастың айтуынша, Конго Демократиялық Республикасы стратегиялық тұрғыдан маңызды аймаққа айналған.
«ERG-мен жасалған келісім осы өңірдегі маңызды активтерімізді нығайтудың бір қадамы», – дейді Бинтас.
ERG-дің бас директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстандағы ең ауқатты кәсіпкерлердің бірі Шухрат Ибрагимов келісімді жаһандық деңгейдегі серіктестермен байланысты нығайту жолындағы жаңа кезең деп бағалады.
«Біз үшін бұл келісім Конго Демократиялық Республикасындағы негізгі жобаларымыздың толық әлеуетін жүзеге асыруға берілген тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Шухрат Ибрагимов.
ERG осыған дейін Конгоның мемлекеттік Gecamines корпорациясымен бірнеше жылға созылған дау-дамайға байланысты Африкадағы жобаларын қарқынды дамыта алмаған еді. Екі жақ арасындағы тартыс 2023 жылы ушықты. Сол кезде конголық компания ERG-дің бірнеше активін сатып алуға әрекет жасап, әйгілі Калукунди кен орнында Swanmines бірлескен кәсіпорнын құру туралы шешімнен бас тартқан.
Нәтижесінде іс халықаралық арбитражға жеткен болатын.
Биыл қыркүйекте ERG мен Gecamines арасындағы ұзаққа созылған келіспеушілік шешімін тауып, қос тарап жаңа серіктестік туралы мәмілеге келген. Ал Mercuria болса, жақында ғана Gecamines-пен келісіп, бірлескен кәсіпорындар өндіретін мыс пен кобальт өнімдерін өткізу бойынша серіктес атанған.
ERG компаниясының штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Қазақстан үкіметінің компаниядағы үлесі 40 пайызға жуық. Конго Демократиялық Республикасында әлемдегі ең ірі мыс-кобальт кен орындары шоғырланған.
Бұған дейін Ertenmedia Шухрат Ибрагимов иелік ететін «Еуразиялық банк» мемлекет алдындағы берешегін өтей бастағанын жазған еді.
 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз. 
Шухраттың ширақ шешімі: Eurasian Bank мемлекеттің ақшасын қайтара бастады

 
		
