Елімізде 2025 жылғы астық жинау науқаны толық аяқталып, аграрлық сектордағы негізгі көрсеткіштер жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, республика бойынша 16 млн гектар алқаптан орташа өнімділігі гектарына 17 центнер болып, жалпы 27 млн тонна астық жиналған.
Биыл бидай 12,2 млн гектар аумақтан орылып, 20 млн тонна өнім алынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға артық. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидай көлемі 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі артқан. Бұл агротехнологиялардың тиімділігін көрсетеді.
Арпа өндірісі 4 млн тоннаға жуықтаған. Бұршақ дақылдары алғаш рет 1 млн тоннаға жетсе, майлы дақылдар бойынша рекордтық 4,3 млн тонна жиналды. Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша өнімдері алынған. Мақта жинау да толық аяқталған.
Заманауи технологиялардың нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алған. Орташа өнімділік 30 центнерге жетіп, 428 мың тонна шиіт мақта жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға көп.
Министрдің айтуынша, мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдау мен агротехнологияларды дұрыс қолдану ықпал еткен.
«Агротехникалық талаптарды сақтау – өнім сапасының негізгі кепілі. Соңғы екі жылдағы нәтижелер технология мен өнімділік арасындағы тікелей байланысты көрсетті», – деді Айдарбек Сапаров.
1 трлн теңгелік меже
2025 жылы аграрлық секторды қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Вегетациялық кезеңде 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді. Элиталық тұқымдардың үлесі 11,5 пайызға дейін артты.
Техниканы жаңарту да қарқын алды. 250 млрд теңгеге дейін ұлғайған жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейі 6,5 пайызға жетіп, екі жылда тозу көрсеткіші 80 пайыздан 70 пайызға дейін төмендеді.
Экспорт көрсеткіштері де оң нәтиже берді. 2025 жылы астық экспорты 47 пайызға өсіп, 13,4 млн тоннаға жетті. Қазақстан астығы Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне жеткізілді. Оның ішінде Бельгия, Португалия, Польша, Ұлыбритания, Вьетнам, БАӘ, Марокко, Алжир және Мысыр нарықтары бар.
Қазіргі уақытта шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Елдегі астық сақтау сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 13,3 млн тоннасы лицензияланған элеваторларда, 17,4 млн тоннасы шаруаларда сақталады. Биыл элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.
Жиналған бидайдың сапасы да жақсарған. Жұмсақ бидайдың 53 пайызы жоғары сапалы, 35 пайызы төртінші сыныпқа жатады, ал 12 пайызы төменгі сыныптағы өнім.
Келер жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық басталып кетті. Жалпы қажетті тұқым көлемі 2,3 млн тоннаны құрайды, оның 96 пайызы дайындалған. Сонымен қатар 2026 жылы 2,3 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.
Үкімет тарапынан егіс құрылымын әртараптандыру, жоғары табысты дақылдарға басымдық беру және су ресурстарын тиімді пайдалану талаптары күшейтіледі.
Айдарбек Сапаров өңірлерге агротехнологияларды сақтау, өнімді уақытында жинау, сақтау және өңдеу жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Аграрлық маусым қорытындысы көрсеткендей, салада тұрақты өсім бар. Дегенмен өнімділік деңгейін арттыру үшін технологияны толық енгізу мен жүйелі қолдау жұмыстары жалғасады.
Балықты «миға пайдалы тағам» деп бекер айтпайды. Оның құрамында ағзаға аса қажет Омега-3 май қышқылдары бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







