Алматыда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық (EUR/NAT) өңірлік бюросының авиациялық персоналды даярлау және жұмыс күшін жоспарлау мәселелеріне арналған аймақтық семинар өтті деп жазады Ertenmedia.
Іс-шараға авиация әкімшіліктерінің, әуе компанияларының, халықаралық ұйымдардың, авиациялық оқу орындарының жетекші мамандары қатысты. Олардың қатарында JAA TO, ACI World, Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering, Air Astana, QAZAQ AIR, ENAC, EUROCONTROL және өзге де ұйымдардың өкілдері бар. Сондай-ақ ICAO EUR/NAT аймақтық директоры Николя Ралло, JAA TO бас директоры Паула В. де Алмейда, белгілі ғалымдар мен сарапшылар жиналды.
Семинарға қатысушылар мониторинг және кадрлық әлеуеттің болжамын жасау, үздіксіз оқу мәдениетін қалыптастыру, NGAP бастамасын жүзеге асыру, әуе компаниялары мен білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Алматыда семинар өткізу Қазақстанның халықаралық авиациялық қауымдастықтағы беделінің артып келе жатқанын көрсетті. ICAO бастамаларына белсенді қатысу және заманауи білім беру бағдарламаларын дамыту арқылы ел авиация саласында кәсіби кадрларды даярлаудың жетекші аймақтық орталығы ретінде өзінің мәртебесін нығайтуда.

Шарада ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев сөз сөйлеп, Қазақстандағы көлік саласы экономикаға серпін беретін негізгі драйверлердің бірі болып табылатынын жеткізді.
«Соңғы жылдары авиация саласында қарқынды өсу байқалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды транзиттік авиациялық хабқа айналдыруды және транзиттік әлеуетті барынша пайдалану міндетін қойды. Ол үшін барлық қажетті шарттар жасалған.
Қазір елде жаңа әуежайлар салынып, туристік аймақтарда (Қатонқарағай, Зайсан, Кендерлі) жаңартылып, әуе паркі жаңғыртылуда. Бүгінде Қазақстанның әуе компанияларында 100-ден астам заманауи ұшақ бар. Ал алдағы бес жылда бұл көрсеткіш екі есе өседі деп жоспарланып отыр.
Азаматтық авиацияның сәтті дамуының негізгі элементі – білікті кадрларды даярлау. Қазіргі таңда кәсіби пилоттар, инженерлер, бортсеріктер мен диспетчерлерге деген сұраныс жоғары. Қазақстанда авиация кадрларын даярлауда маңызды рөл атқаратын Азаматтық авиация академиясы жұмыс істейді», – деді вице-министр.
Өз кезегінде ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева баяндама жасап, семинар жұмысына 56 мемлекеттен 200-ден астам қатысушы келгенін баса айтты. «Қазіргі таңда Қазақстанда азаматтық авиация саласында шамамен 23 мың адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда өсу деңгейі 7 пайызға артқан.

Әуе паркі жыл сайын 15-20 пайызға артып келеді. Келесі жылы төрт жаңа өңірлік әуежайдың ашылуы жоспарланып отыр. Бұл қосымша мамандарды тартуды талап етеді. Сондықтан жастардың авиациялық мамандықтарға қызығушылығын арттыру маңызды. Мұндай халықаралық семинарлар тәжірибе алмасуға, оқу жүйесін дамытуға және жаңа буын авиациялық мамандарды даярлау жағдайларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Салтанат Томпиева.
Айта кетейік, іс-шараны «Қазаэронавигация» РМК, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті және ИКАО Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар жұмысы әрі қарай түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.

