Қазақстанда жаңа кредиттік рақымшылық жасалмайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер сауалына жауап берген агенттік басшысының айтуынша, несие амнистиясы бюджетке салмақ түсіріп қана қоймай, азаматтардың қаржылық жауапкершілігін төмендетеді.
«2019 жылы кредиттік амнистиядан кейін қарызы кешірілген азаматтардың бір бөлігі қайтадан несие алып, тағы да мерзімін кешіктірді. Осыдан кейін халық арасында «несиені төлемесе де болады, мемлекет қайта кешіреді» деген қате түсінік қалыптасып кетті. Ал бұл азаматтарды жауапсыздыққа әкеледі. Мемлекет бюджетінен мұндай шығындарды үнемі өтеу мүмкін емес», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік басшысы бұдан былай азаматтарды қорғаудың басқа да тиімді тетіктері қолға алынатынын айтты.
«Біздің мақсатымыз – несие кешіру емес, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, қарызды жауапкершілікпен алуға үйрету. Жаңа банк заңнамасында да қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғауға ерекше басымдық беріледі», – деді агенттік төрайымы.
Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілерінің айыппұлы мен өсімпұлын кешіруге арналған «таза парақ» механизмін іске қосты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







