Жетісу облысында инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде. Жыл басынан бері өңір экономикасына 330,3 млрд теңге инвестиция тартылса, соның ішінде шетелдік инвесторлардың тікелей құйған қаражаты шамамен 35 млрд теңгені құрап отыр. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл үш есеге жуық жоғары, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір облыста жалпы құны 2,9 трлн теңге болатын 110 инвестициялық жоба әзірленген. Осы жобалардың нәтижесінде 13 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады деп күтілуде. Ірі жобалардың қатарында «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс комбинатының» металлургиялық кешенін айтуға болады.
Бұл кәсіпорын екі мың адамды жұмыспен қамтымақ. Сонымен бірге, «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында германиялық «Skyhansa» компаниясымен бірлесіп халықаралық әуежай құрылысы жоспарланған. Әуежайда сағатына 500 жолаушыға дейін қызмет көрсететін терминал және жылына 50 мың тонна жүк тасымалдау мүмкіндігі қарастырылған. Туристік әрі ойын-сауық инфрақұрылымы да осы жобаның бір бөлігі болады.
Өндіріс пен өңдеу өнеркәсібінде де шетелдік серіктестермен бірлескен маңызды жобалар іске қосылады. Чили, Пәкістан, ҚХР және Қырғызстан инвесторлары өңірде тегістегіш болат шар, газ-бетон блоктары мен еден жабындарын шығаратын зауыттар салмақ. Сондай-ақ ұн тарту кешенінің құрылысы басталады.
25 инвестициялық жоба
Жетісу облысының табиғи ресурстары мен климаты баламалы энергия көздерін дамытуға өте ыңғайлы. Қазірдің өзінде облыста жалпы қуаты 251 МВт-тан асатын 18 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Биыл ғана Қора өзенінде қуаты 26 МВт су электр станциясы пайдалануға берілді. Бұған қоса «Қорғас – Шығыс қақпасы» аумағында жел генераторлары мен энергия сақтау құрылғыларын шығаратын зауыт салынады. Ал Қербұлақ ауданында 110 МВт күн электр станциясының жобасы іске асырылуда.
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, өңір дамуының 5 стратегиялық бағыты бар. Олар: агроөнеркәсіп кешені, көлік пен логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп. Географиялық жағынан тиімді орналасуы, әсіресе, Қытаймен арадағы 5 кеден бекетінің болуы халықаралық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік беруде.
Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын небәрі 10 күнге дейін қысқартады. Осы мүмкіндіктердің арқасында Сауд Арабиясы, Германия, Бельгия, Чили, Иордания, Пәкістан сияқты елдердің ірі инвесторлары өңірмен белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашып отыр.
Айта кетейік, биылдың өзінде құны 50,6 млрд теңге болатын 25 инвестициялық жоба қолға алынған. Оның ішінде аккумуляторлар өндіретін «Қайнар-АКБ» зауытының жаңа желісі мен керамикалық плиталар шығаратын «Алмаз Керамикс» кәсіпорнының өндірісін кеңейту жобалары іске қосылды.
Жыл соңына дейін облыс экономикасына тартылатын инвестиция көлемі 573 млрд теңгеге жетпек. Соның ішінде бюджеттен тыс қаражат көлемі 430 млрд теңгені құрайды деп болжануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

