Алматыда соңғы жылдары әскерге шақыру науқандарының саны ғана көбеймей, оның ұйымдастырылу мәдениеті де өзгеріп келеді. Әскерге барар алдында қаланың әр түкпірінен жиналған жігіттер тар әрі уақытша бейімделген ғимаратта кезек күтіп отыратын күн артта қалуға жақын. Қала әкімдігі әскери міндетті азаматтармен жұмыс қалаға лайық деңгейде болуы керек деген қағиданы ұстанып, жинақ пунктін Түрксіб ауданындағы Беринга, 31 мекенжайындағы бұрынғы ІІМ академиясының кең ғимаратына көшіру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматының мобилизациялық дайындығын заманауи форматқа көшіру талабы. Жаңа пункттің 2800 шаршы метр аумағы, 0,63 гектар іргелес жері, акт залы, спорт залы, асханасы бар екені ашық жазылып отыр.
2019 жылдан бері қалалық жинақ пункті Бостандық ауданындағы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің базасында уақытша отырған еді. 2025 жылдың көктемінде 1686 адам, күзгі шақыруда 1930 адам әскер қатарына шақырылғаны көрсетілген. Мұндай ауқымдағы жастар легін тар алаңға сыйдыру, медициналық тексеруді, әскери комиссия жұмысын, тамақтандыруды, қауіпсіздік шараларын бірдей ұйымдастыру қиын.
Сол үшін қала әкімдігі пунктті қала коммуналдық меншігіне алып, мобилизациялық дайындық және аумақтық қорғаныс қызметінің балансына бекітті. Бұл дегеніміз ғимарат енді уақытша емес, Алматының қалалық инфрақұрылымының тұрақты бөлігіне айналып отыр.
Мегаполистегі қауіпсіздік, авариялық жағдайларға дайындық, азаматтық қорғаныс, мобилизациялық резервті уақытында жасақтау сияқты мәселелерді жергілікті атқарушы орган өзіне жақын тартпай, жүйе толық жұмыс істемейді. Ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, инженерлік желілер жаңартылды, аумақ абаттандырылды.
Әскерге кететін 18-27 жас арасындағы жігіттердің алғашқы әсері, ата-анасының қала билігіне деген сенімі, әскерге шақыру процесіне деген көзқарасы дәл осы инфрақұрылымнан қалыптасады. Жасөспірім тар бөлме мен ескі ғимаратта емес, таза, жарық, қауіпсіздігі сақталған, спорт залы бар, тәртіп орнаған жерде құжат тапсырып тұрса, ол армияға басқа көңілмен барады.
Кең ғимарат, бөлек спорт және акт залы, асхана, бөлінген аумақ жасақтау процесін партиямен емес, кезектілікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни бір залда медициналық комиссия, бір залда құжат тексеру, бір залда әңгімелесу жүреді. Осының бәрі науқанды ашық әрі түсінікті етеді.
Бүгінде қала тұрғындарының саны өсіп жатыр, урбанизация жалғасуда, жастардың үлесі жоғары, әрі қорғаныс саласындағы жалпы республикалық талаптар да күшейді. Жергілікті органдарға мобилизациялық дайындықты өз деңгейінде сақтауға тапсырма берілген. Сол тапсырма орындалып отыр. Мұндай ғимарат ертең тек мерзімді шақыруға ғана емес, төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғаныс пункті ретінде де қолданылуы мүмкін. 0,63 гектар аумақтың болуы да соған арналған.
Мұндай қадам Алматының басқару мәдениеті өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Қала әкімдігі тек жол, көгалдандыру, бизнеске грант деумен шектелмей, қорғаныс сипатындағы инфрақұрылымға да жауапкершілік алып отыр. Бұл мегаполистің жаңа стандартын қалыптастырады. Қалада өмір сүретін азамат қалалық билік сені тек коммуналдық қызметпен қамтамасыз етпей, ел алдындағы борышыңды да қолайлы жағдайда өтуіңе жағдай жасайды деп сенуі керек. Сонда ғана қаланың әлеуметтік келісімі бекиді.
Алматыда әскерге шақырылушыларға арналған жаңа жинақ пункті ашылуы жай ғана мекенжай ауыстыру емес. Ол қаладағы мобилизациялық жүйенің жаңаруы, әскерге шақыруды цифрландыруға, ашық етуге, адамға лайық жағдайға көшіруге жасалған нақты қадам.

