Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың активімен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттердің орындалу барысын талқылады. Жиынға қала әкімдігі, аумақтық органдар, сарапшылар, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес өкілдері, Ассамблея мүшелері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дархан Сатыбалды Алматының елдегі ең ірі мегаполис екенін айтып, оның ғылым мен білімді дамытудағы рөліне тоқталды.
– Алматы Президент белгілеген цифрлық трансформация мен жасанды интеллектке көшу бағытында ерекше рөл атқарады, – деді әкім.
Қалада IT нарығы қарқынды дамып жатыр. Еліміздің бұл саладағы қызметінің жартысынан көбі Алматыға тиесілі. Нарық көлемі бүгінде 4 трлн теңгеге жеткен. Қалада Alatau Creative HUB, Farabi Hub және цифрлық медицина орталығы Almaty Digital Medical Center жұмыс істейді.
Әкім инвестиция тарту да басты бағыттың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, 2030 жылға дейін Алматыда құны 3,6 трлн теңгеден асатын 190 жоба іске асырылады. Қала экономикасы үшін туризм де маңызды сала болып отыр. Әсіресе тау кластерін дамытуға басымдық берілген. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай Алматы Орталық Азиядағы ең ірі жыл бойы туристік орталыққа айналады. Жыл сайын 1 млн-ға жуық шетелдік турист келіп, қалаға 300 млрд теңгеден астам табыс түседі.
Әкім экология тақырыбына да тоқталды. Жолдауда бірыңғай экологиялық стандарттар енгізу, су ресурстарын үнемдеу және оларды басқарудың цифрлық жүйесін құру міндеті қойылған. Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» бағдарламасы ұлттық басымдық ретінде белгіленді.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Президент алға қойған міндеттер барлық құрылым үшін ортақ мақсат екенін айтты. Ол бұл жұмыстарды жүзеге асыру мемлекеттік органдар, ғылыми орта және азаматтық қоғамның бірлескен әрекетін талап ететінін атап өтті.

