Алтай Көлгінов өзінің Эстонияға елші боп тағайындалуын «саяси жер аудару» деген қауесетке пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үш жыл бұрын Астана әкімінің орнын босатқан Көлгінов былтыр мамырда Қазақстанның Эстониядағы елшісі боп кеткен еді.
Orda-ның жазғанындай Ақорданың дәлізінде журналистермен жүздескен дипломаттан тағайындаудың артында саяси астар бар ма деген сұрақ қойылған.
«Мұндай сұрақпен барлық елшілерді ренжітіп алдыңыздар. Елші мемлекетаралық деңгейдегі маңызды саяси қызмет. Мемлекет маған осындай жауапты істі сеніп тапсырғанын мақтан тұтамын», – деп қысқа қайырған Көлгінов.
Журналистер елшіге Астана тұрғындарының әкімдікке жиі наразылық танытқанын да еске салды. Көлгінов бұған әкімдік жұмысына шағым айтылуы заңды құбылыс деп жауап берді.
«Наразылық бұрын да болды, алдағы уақытта да болады. Елорданың дамуын Мемлекет басшысы өзі жіті бақылайды. Сын бар жерде даму бар. Бұл ма, бұл қалыпты жұмыс процесі», – деді экс-әкім.
Айта кетелік, бүгін Тоқаев Астанаға арнайы келген Эстония басшысы Алар Кариспен кездесіп, Балтық жағалауындағы бұл елмен әріптестікті арттыру бағыттарын белгіледі.
Екі күндік сапармен келген Кариспен кездесуде Қазақстан президенті Эстонияның теңіз порттарына жол ашып, екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға мүдделі екенін білдірді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Оптимист Карис, прагматик Тоқаев: Астанадағы Балтық диалогының детальдары

