Болат Назарбаевтың үйі тоналды деген хабар тарағаннан кейін танымал журналист Гүлжан Ерғалиева Фейсбуктағы парақшасында ойын ортаға салды. Ол елді ұзақ жыл билеген Назарбаев халықтың мінезін өзгерткенін айта келе, Назарбаев әулеті елді тонап жатқанда жұрт шуламай, көптеген адам сол жүйеге мойын ұсынғанын, соның кесірінен елде заңға деген сенім әлсіреп, әділдік көзден бұл-бұл ұшқан ашып айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Рас, Гүлжан Ерғаливаның постында ашу да бар, ашыну да бар. Ол:
– Қоғамда Болат Назарбаевтың қарапайым мектеп оқушыларына қиянат жасағаны айтылып жүрді. Ал жәбір көрген қыздардың ата-аналары үнсіз келіп, оның үйінің алдында «ақшасын» алып кетіп отырған. Осындай оқиғалар аймақтарда жасырын емес, ашық айтылғанын білеміз. Тіпті, сол үнсіздік нормаға айналып кетті, – дейді журналист.
Бұл ретте әріптесіміз мәселе биліктің азғындауында ғана емес, қоғамның осынай оспадарлыққа үнсіз мойынұсынғанын да меңзейді. Осылайша елімізде “Раболептік сананың” тамырға терең тартып, адамды ардан айырған шақ туды. Білім саласында, медицинада, құрылыс пен саудада ұрлық пен коррупция қалыпты жағдайға айналғаны да жасырын емес.
– Қазір тіпті адал адам тапшы. Мұғалімнен бастап дәрігерге дейін парасыз жүрмейтін уақыт келді. «Тек бастықтар ұрлады» деп өзімізді алдаудың қажеті жоқ. Қоғамның дерті тым терең, – деп журналист дабыл қаққандай болды өз жазбасында.
Ерғалиева өзінің Фейсбуктағы жазбасында қазіргі жағдайға байланысты өзекті сұрақты тікесінен қойыпты. «Егер мемлекет ертеңгі ұрпақтың санасын сақтаймын десе, неге Болат Назарбаевтың ісін ашып, заң алдында жауапқа тартпайды? Не үшін ол көзі тірісінде де, өлгеннен кейін де «құрметті азамат» болып қалуы керек? Неге әлі күнге дейін Н-дан басталатын фамилияның күші бар?» дейді.
Журналист осы жерде көпшіліктің көкейінде жүрген ойын ашық ортаға салады.
– Болат Назарбаевтың үйін тонап кетті деген хабар тарағанда бүкіл полицей дүрлігіп, тікұшаққа дейін көтергеніне куә болдық. Ал қарапайым адамдар тонағанда ешкім қозғалмайды ма? Болаттың үйі тоналғанда құқық қорғау органдары неге бұлайша шала бүлінеді? Бұл инерция ма, әлде ескі кезеңнің үрейі қайта тірілді ме? – дейді Гүлжан Ерғалиева.
Белгілі журналист жазбасының соңында мемлекет Назарбаевтардың қылмысын мойындамаса, халық өзі төрелік жасап, Робин Гудтары сахнаға шығады деп ескертіпті.

