Алматы полициясы брокерлік нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірі «Фридом Финансқа» қатысты жалған ақпарат тарату ісін тергеуді әдейі кешеуілдетіп, істің мән-жайын анықтауға құлықсыздық танытып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia «Курсивке» сілтеме жасап.
Істің түп төркіні биылғы сәуірге барып тіреледі. Сол кезде KazTAG ақпарат агенттігі ондаған материал жариялап, «Фридом Финансты» «салымшылардың ақшасын жоғалтуға себеп болды» деп айыптаған. Артынша брокерлік компания өкілдері бұл мәлімдемелерді «жоспарлы түрде жасалған жалған ақпарат пен PR-шабуыл» деп бағалады.
Олардың пікірінше, KazTAG-тың түпкі мақсаты «Фридом Финансты» заңсыз жолмен «ымыраға» көндіру болған.
«Фридом Финанс» компаниясының адвокаты Александр Камендровскийдің айтуынша, осы негізде Алматы қаласы полиция департаментінде агенттіктің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Істі қозғауға негіз болған Ж.Капарова мен KazTAG жариялаған материалдар. Тәуелсіз сараптаманың ресми қорытындысында аталған жарияланымдарда жалған ақпарат белгілері бар екені дәлелденген. Соның кесірінен «Фридом Финанстың» беделіне едәуір зиян келген.
Алайда, адвокат тергеу органдары бұл істі әдейі тоқырауға ұшыратып отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, Алматы полициясы тергеуді объективті жүргізудің орнына, формалды жауаптармен шектеліп, міндетті тергеу шараларын мүлде орындамай отыр.
«Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 24-бабы бойынша тергеу объективті, жан-жақты әрі толық жүруі тиіс. Бірақ Алматы қаласы Полиция департаменті бұған мүлде мән берер емес.
Тергеушілер KazTAG агенттігі мен Ж.Капарованы заң талап еткен тәртіппен жауапқа тартпай, тіпті олардың тергеудегі нақты процесуалдық мәртебесін де анықтамаған. Даулы материалдардың түпнұсқалары мен таралу жолдары да тергеуге алынбаған.
Ақпараттың бастапқы дереккөздерін анықтайтын техникалық сараптама тағайындалмаған», – дейді адвокат Камендровский.
Александр Камендровский Алматы полициясының әрекетсіздігі «қаржы нарығының беделін түсіруге мүдделі тұлғалардың пайдасына жұмыс істеп отыр» деп есептейді.
«Тергеудің бұлай созылуы, құқық қорғау органдарының пассивтілігі конституцияда жазылған заң алдындағы теңдік қағидасына толық қайшы келеді. Өкініштісі, елдегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі бірнеше ай бойы әділдік пен құқықтық қорғауға қол жеткізе алмай жүр», – деп ашық айтты Камендровский.
Компания адвокатының сөзінше, қылмыстық іске қатысты халықаралық деңгейде алынған құжаттық дәлелдер жеткілікті. Олардың қатарында халықаралық брокерлердің ресми құжаттары, банктік үзінді көшірмелер мен іскерлік серіктестердің растаулары бар. Алайда, осы маңызды дәлелдер әлі күнге дейін назарға алынбаған.
Компания бұл мәселенің елдегі қаржы нарығы үшін үлкен қаупі барын ескертіп, Бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен істі жеке бақылауға алуды талап етті.
«Біз құзырлы органдардан Алматы полициясының тергеу амалдарын жедел әрі жан-жақты жүргізуін талап етеміз. KazTAG өкілдері мен Капарованы заң тәртібімен жауап алуға шақырып, оларға қатысты процесуалдық мәртебені нақтылау қажет. Бұдан бөлек, жауапкершілікті тергеушілердің үстінен прокурорлық тексеріс жүргізуді сұраймыз. Себебі олар өздерінің қызметтік міндеттерін орындамай отыр», – деді адвокат Александр Камендровский.
«Фридом Финанс» Қазақстанның қаржы нарығындағы ең ірі жеке брокерлік компаниялардың бірі саналады. Ұлттық заңнамаға сәйкес жұмыс істейтін брокер халықаралық деңгейде Қазақстанның инвестициялық беделін көтеріп, сенімді қаржы ұйымы ретінде мойындалған.
Компания өкілдері KazTAG агенттігінің әрекетін қаржы нарығының тұрақтылығына қауіп төндіретін «қара PR» деп атап отыр. Әзірге Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі бұл өтінішке қатысты ресми жауап берген жоқ. Тергеудің тоқырауы қоғам мен бизнесте құқық қорғау органдарына деген сенімді одан әрі әлсіретуде.

