Жетісайдағы қайғылы өрттен кейін Қазақстанда жаппай тексеріс басталады, деп жазады Ertenmedia.
Үкіметтік комиссияны басқарып отырған вице-премьер Қанат Бозымбаев тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін жан-жақты тексеруді тапсырды.
Бұған дейін Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам қаза тапқан еді. Марқұмдардың тоғызы бала, үшеуі ересек. Өрт болған түні үйде екі отбасы болған. Қайтыс болған балалардың әкелері ағалы-інілі азаматтар.
Үкіметте өткен жедел жиында Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Энергетика, Еңбек, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары мен Түркістан облысының әкімі оқиғадан кейінгі ахуал жайлы баяндама жасады.
«Өрттен аман қалған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. 1986 жылы туған ер азамат оттан өз күшімен шығып үлгерген. Оның денесінің 12 пайызы күйген, жағдайы ауыр. Ал 1991 жылы туған ер адам мен 2018 жылы туған бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Олардың денесінің 30 және 11 пайызы күйген. Шымкенттен санитарлық авиацияның арнайы бригадасы келіп жетті», – делінген Үкімет хабарламасында.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлескен тергеу жұмыстарын жүргізуде. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Қазір өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан екі немесе одан көп адамның қаза болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалды.
Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді:
- Еңбек министрлігі мен облыс әкімдігіне қаза болғандардың отбасыларына толық материалдық көмек көрсетуді;
- Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің денсаулығын жіті бақылап, қажет болған жағдайда оларды санитарлық авиациямен Астанаға жеткізуді;
- Ішкі істер министрлігіне өрт себебін анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту барысын жеке бақылауға алуды;
- Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстардың әкімдіктеріне әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жатақханалар мен хостелдердегі үйлерге жаппай рейд жүргізіп, пештердің жағдайын тексеруді және анықталған заң бұзушылықтарды тез арада жоюды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғыға ортақтасып, марқұмдардың жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себебін анықтап, зардап шеккендерге жәрдем беру үшін Үкіметтік комиссия құрылған болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Бір үйдегі он екі тағдыр: Түркістанды тітіреткен таңғы трагедия

