«Северный казах» деген атпен танымал блогер Асылан Төлегенов ұлтаралық араздық тудырғаны және жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Күні кеше Көкшетау қалалық соты атышулы істің соңғы нүктесін қойды. Жабық есік жағдайында өткен процесте провокатор кінәсін толық мойындап, ұсынылған айғаққа қарсылық білдірмеген.
Тергеу материалы бойынша «орыс әлемін» ұлықтаған блогер ұлтараздықты қоздыратын контентті ұдайы түрде таратқан. Сараптама оның видеолары ұлтты ұлтқа айдап салатын арандатуға тұнып тұрғанын растаған.
«Айыпталушы кінәсін толық мойындап, ұсынылған дәлелге дау айтпады. Кінәсі тек мойындауымен ғана емес, телефонын ақтару нәтижесімен, әлемжелідегі видеоматериалмен және сараптама қорытындысымен расталды», – дейді Көкшетау қалалық соты.
Соңғы кезде шектен шығып кеткен Төлегенов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
YouTube-та «Северный казах» деген қауіпті арнаны жүргізген блогерге аздаған уақыттың ішінде 173 мыңнан астам адам жазылып үлгерген еді. Көзқарасы толықтай «проресейлік» блогер қазақтандыру саясатына қарсылық білдіріп, «елде дерусификация жүріп жатыр» деп Кремльден көмек сұраған.
«Қазақстанда орыс тілі қысым көруде». «Қазақтарды адам қылған орыстар». «Орыс кетсе, Қазақстанда берекесіздік басталады», «Ұлы Ресей, саған рақмет!» секілді үндеулері миллионға жуық қаралым жинаған.
«Орыс әлемі жаһанға жақсылықтың дәнін егеді, жер бетінде әділдік орнатуды мақсат тұтады», – деген еді ол.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша мұндай ұстанымдағы блогерлерді Мәскеуге арнайы шақырып, құрмет көрсетіп, сый-кәде үлестіріп отырады. Төлегенов тәрізді «орыс әлемін» ұлықтаған блогергерге iPhone секілді бағалы сыйлықтар да табысталған. Бұлар Ресейдегі әсіреұлтшыл топтармен ұдайы байланыста.
Бұған дейін Sputnik агенттігіне берген сұхбатында Төлегенов «Қазақстандағы орыстілді азаматтардың құқығы жиі тапталып, дискриминацияға ұшырайды», – деп шағымданған әрі өзі тұратын Көкшетау қаласын, Кокшетав деп атауға петицияға ұйымдастырған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

