Маңғыстау облысында өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жобалардың барысы талқыланды. Кеңеске облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай төрағалық етіп, басты назарды «Ауыл аманаты» мен «Жасыл даму» бағдарламаларына аударды. Екі бастама да қағаз жүзінде ғана емес, нақты жобалар мен көрсеткіштер арқылы бағаланатыны айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, «Ауыл аманаты» аясында Ақтау, Жаңаөзен және аудандарда ауыл шаруашылығына бағытталған 49 кооператив құру жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде 12 кооперативтің құжаттары дайын. Егіншілік, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және балық шаруашылығы негізгі төрт бағыт. Бұл бағыттардың әрқайсысы ауыл халқының табысын өсіруге, жергілікті өндірісті дамытуға негіз бола алады. Жобаға қатысушыларға микрокредит беру шарттарында да тепе-теңдік сақталмақ: қаржының 40 пайызына дейін мал шаруашылығына бөлінсе, кемінде 20 пайызы қайта өңдеуге жұмсалуы тиіс.
Кеңес барысында ауыл шаруашылығынан бөлек, экология мәселесіне де нақты ұсыныстар айтылды. «Жасыл даму» бағдарламасы аясында Ақтауда крафт қағаз бен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдейтін екі кәсіпорын іске қосылып, ай сайын 500 тонна өнім өңдеп отыр.
Бұл қадам жергілікті өндірістің жаңа бағытын ашып, қалдықтарды басқару жүйесіне жаңа тәсіл ұсынуда. Сондай-ақ, «Zero Waste» жобасы арқылы 2100 контейнер мен 25 техника енгізілетіні айтылды. Қаланың бей-берекет қоқысынан арылу экологияға ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін мәселе.
Қошқар-Ата қалдық қоймасын рекультивациялау жұмыстары 2026 жылы аяқталуы тиіс. Бұл нысан өңір экологиясындағы күрделі түйіндердің бірі. Жобаны кешіктіру экологиялық тәуекелді арттыратынын мамандар ашық айтып отыр. Сондықтан өндіріс пен экология арасындағы теңдік — қол жеткізуге тиісті міндет ретінде қаралуда.
Кеңестің соңында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай нақты тапсырмалар берді. «Ауыл халқының тұрмысын жақсарту біздің басты міндетіміз. Әр жобаның артында адамның өмірі, отбасының жағдайы жатыр. Сондықтан бастаманың сөз жүзінде емес, нақты нәтижемен аяқталуы қажет», – деді әкім. Басшыларға жауапкершілік жүктеліп, бақылау күшейетін болды.
Маңғыстау үшін ауыл мен экология – екі бөлек саланың тірегі емес, бір-бірімен байланысқан өмірлік жүйе. Бірінде береке болса, екіншісінде тепе-теңдік сақталады. Осы кеңесте айтылған жобалардың мәні де сонда – нәтиже халықтың тұрмысынан байқалуы керек.

