«Ақ жол» партиясының депутаты Олжас Нұралдинов Астана мен Алматы қаласындағы ақылы автотұрақтардың қазіргі жұмыс жүйесін сынға алып, премьер Олжас Бектеновке арнайы сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.
Нұралдиновтың айтуынша, ақылы тұрақты енгізгендегі мақсат қала орталығындағы кептелісті азайту болатын. Алайда қазір мұндай тұрақтар тұрғын үйлердің жанында, қаланың шеткі аудандарында да орнатылып, жұртшылық өз үйінің алдында көлік қойғаны үшін ақша төлеуге мәжбүр болып отыр.
Депутат автокөлік иелерінің төлем жасау кезінде таңдауы шектелгенін атап өтті. Көп жерде тұрақ ақысын тек мобильді қосымша немесе QR-код арқылы ғана төлеуге болады.
Ал интернет дұрыс жұмыс істемесе немесе банк картасы бұғатталса, тұрғындар тұрақ ақысын төлей алмай, бірден 4 мың теңге айыппұл арқалайды.
«Заң бойынша қолма-қол және қолма-қол емес төлем жасау құқығы қарастырылған. Демек, тек электронды түрде ғана қабылдау азаматтардың құқығын бұзу болып саналады», – дейді ол.
Нұралдинов ақылы тұрақ операторлары арасында бәсекенің жоқтығына, қаржы ағынының жабықтығына да назар аударды.
«Астана мен Алматы қаласында жыл сайын ақылы автотұрақ арқылы миллиардтаған теңге жиналады. Бірақ тұрғындар қаражаттың қайда жұмсалатынын білмейді. Түскен табыстың бюджетке қалай және қаншасы аударылатыны ашық айтылмайды. Қала тұрғындары осы қаржының көше инфрақұрылымына жұмсалғанын көрмей отыр», – деді депутат.
Сонымен қатар, ол ақылы автотұрақтардың бұған дейін «ескі Қазақстан» тұсында сыбайлас жемқорлық дауына себеп болғанын еске салды.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы келесі ұсыныстарды алға тартты:
- Әрбір автокөлік иесіне екі жеңілдетілген тұрақ мекенжайын бекіту: біреуі тұрғылықты жері бойынша (тәулік бойы), екіншісі жұмыс орны бойынша (жұмыс уақыты ішінде).
- Әрбір тұрақ алаңында кез келген төлем түрін, соның ішінде қолма-қол ақшаны да қабылдайтын паркоматтар орнату.
- Тұрақ орындарын қауіпсіз ететін бейнекамералармен толық жабдықтау.
- Әкімдіктер мен автотұрақ операторлары арасындағы келісімшарттарды ашық жариялап, операторлардың қызметіне аудит жүргізу.
- Егер келісімшарттар қала бюджетіне тиімсіз болса, қайта қарап, негізгі табысты бюджетке бағыттау.
- Қаржылық есеп-қисапты мәслихат пен БАҚ алдында ашық әрі тұрақты жариялау.
Депутат тұрақ орындары қоғамдық кеңістік екенін, сондықтан операторлардың жұмысы ашық, ал қала тұрғындарының құқықтары қорғалуы тиіс екенін қадап айтты.

