Белгілі блогер Аида Жексенова ресейлік рэпер Тиматидің концертіне бойкот жариялауға шақырған жазбасынан кейін экстремизммен күрес басқармасына шақырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Блогердің сөзінше, полиция оны әлемжелідегі «соғысты қаржыландырмаңыздар» деген сөзі үшін тексеруге алған. Бұған Тимати мен өзге де орыс әншілерінің Қазақстандағы концертін ұйымдастырушы Алексей Пучковтың домалақ арызы себеп болған.
Пучков қыркүйек айында Жексенованың Тимати концертіне бойкот жариялауға шақырған жазбасын көріп, полицияға шағым жолдаған екен.
«Тиматидің концертіне билет алмаңыздар. Соғысты қаржыландырмаңыздар!» деген жазбасын Пучков Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша бағалауды талап еткен.
Жексенованың айтуынша, пәлцейлер жазбаны алып тастауды тұспалдап жеткізген және басқа да осыған ұқсас ұқсас істерді (Әлика Мухамедива, ред.) мысалға келтірген.
Өз кезегінде блогер әлгі постында ешқандай агрессия, ұлтқа немесе дінге қатысты арандату, жеккөрушілік болмағанын алға тартады. Ол тек саяси позициясын білдіріп, «z»-идеологияны насихаттайтын әртістің концертіне қатысты пікірін жазғанын жеткізді.
«Менің жазбам концерт туралы, орындаушы туралы және z-насихаты жайлы ғана», – деп жазды Жексенова парақшасында.
Ол полиция тексерісті жалғастыра берсе, жалған айып таққан Пучковқа қарсы арыз түсіретінін мәлімдеді. Сондай-ақ постын өшірмейтінін, бұл мәселе өзі үшін принципті екенін шегелеп айтты.
Жексенова Ақпарат министріне үндеу жасап, медианы қорғауға келгенде қарап қалмайтын Аида Балаевадан жағдайға араласуды сұрап отыр. Оның пікірінше, саяси бойкотты экстремизм деп тану күні ертең журналистер мен белсенділерге қарсы қолданатын қаруға айналуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін e-petition порталында Тиматидің Алматы мен Астанадағы концертін өткізбеу туралы петиция жарияланып, мыңдаған адам қол қойған еді. Петицияда әншінің Украинаға қарсы басқыншылықты ашық қолдағаны туралы жазылған.
Жексенованың үстінен арыз жазған Алексей Пучков таяуда Алматыда өтетін канадалық әнші The Weeknd-тің концертін басқа елге ауыстыруды қарастырып жатыр. Бұған ресейлік әншілердің гәстроліне қатысты қазақтілді қауымның қарсылығы себеп болған көрінеді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

