Қорғанмин Дәурен Қосанов әскердегі сарбаз өлімі және солдат аналарының наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тілшілер министрден әскер қатарындағы ай сайын тіркеліп жатқан сарбаз өлімі мен ашынған аналардың қарсылығына қандай шара қолданылатынын сұраған екен. Қосанов әлгі сауалға таңғалып, әзір армияда мұндай жағдайдың жоққа тән екенін айтыпты.
«Не дейсіз? Сарбаз өлімі? Мұндай жағдай қазір сиреді ғой, оны қайдан алдыңыздар?» – депті таңданысын жасыра алмаған Қорғаныс министрі.
Оның сөзінше, түнеукүні митингіге шығып, наразылық танытқан аналар шын мәнінде өткен (2020-2023 жылғы) оқиғаларды көтерген. Қосановтың айтуынша олардың мәселесімен айналысу қорғаныс саласына емес, Ішкі істер министрлігі мен Бас әскери прокуратураның құзырына жататын көрінеді.
«Аналардың митингіде көтерген арыз-шағымы тікелей тергеу органдарының жұмысына қатысты. Тергеу амалын Ішкі істер министрлігі Бас әскери прокуратураның бақылауымен жүргізеді. Бұл мәселе біздің құзырымызға кірмейді», – дейді Дәурен Қосанов.
Журналистер марқұм сарбаздың аналарынан естіген жантүршігерлік оқиғаларды, атап айтқанда, әскердегі «дедовщина» мен зорлық-зомбылықты мысалға келтіргенде, министр нақты деректерді талап етіп тұрып алыпты.
«Біз аналармен айғайласпаймыз, олармен пікірлесіп, айтқанын тыңдап жүрміз. Әскери бөлімдердің командирлері, психологтармен тұрақты жұмыс жүргізілуде. Әскери бөлімдерге жаппай бейнекамера орнай бастайды. Біздің тараптан жалтару мәселесі жоқ», – деді министр.
Алайда, бір нюанс бар…
Желідегі қауым Қосановтың әскердегі шынайы ахуалдан хабарсыз қалғанына қайран қалып отыр. Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша соңғы үш жылда ғана Қазақстан армиясында 270 сарбаз көз жұмса, олардың 86-сының өлімі «суи..ид» деп көрсетілген.
Қаза болғандардың басым бөлігі міндетті қызметке шақырылған 18–19 жастағы бозбалалар. Бірінің қазасы әскери жаттығудағы «абайсыздықтан» болса, енді бірі шекара заставасында «бензин буымен уланып», көз жұмған. Кей сарбаз ауыр дертпен әскер қатарына шақырылып, медициналық көмектің жоқтығынан бақилық болған. «Өзіне қол жұ..сады» деген себеппен істі тез жауып тастаған жағдай да жиі кездеседі.
Түнеукүні Қорғаныс министрлігінің алдына митинге шыққан аналары мұндай аргументпен келіспейтінін алға тартқан еді. Олар балаларының ешқандай күйзеліске ұшырамағанын, керісінше әскердегі зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтқан.
Ашынған аналардың митингі Тоқаевқа жетіп, Президент сарбаз өліміне қатысты істерді Бас прокурордың мойнына артқан. Берік Асылов күмәнді істерді 12 күн ішінде қайта қарап, әділ әрі ашық тергеуді қамтамасыз ету тиіс. Дедлайн екі күннен кейін аяқталады. Тоқаев тапсырмасының қағаз жүзінде қалып қою да ғажап емес.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

