Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекет меншігіне қайтарылған «Рахман қайнары» шипажайын қайта қалпына келтіру жоспарын жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін әзір шетелде бой тасалап жүрген миллиардер Анатолий Балушкинге тиесілі «БИПЭК Авто Қазақстанның» меншігінде болған шипажай, ұзаққа созылған сот процесінен кейін биыл тамыз айында мемлекетке өтті. Қазір бұл нысан жұмыс істемейді.
Аймақ басшысының айтуынша, жергілікті әкімдік «Рахман қайнарының» қағаз-құжаты мен дүние-мүлкіне толық ревизия жасап жатыр.
«Рахман қайнары Шығыс Қазақстандағы ең көрікті жердің бірі. Біз осы нысанның иелігіне тек тамыздың соңында қол жеткіздік. Қазір қажетті дәкументті реттеп, толық түгендеу жұмысын аяқтадық. Шипажай аумағында 92 ғимарат бар, екі мыңнан астам түрлі мүлік тіркелді», – деді әкім.
Демалыс орнының қауіпсіздігі үшін күзет қойылған екен. Сондай-ақ әкім шипажайға апаратын 13 шақырымдық жол толық жөнделгенін айтты. Тек асфальт төсеу ғана қалған. Жұмыс келесі туристік маусым басталғанша аяқталады деп жоспарланып отыр.
Әкім журналистердің сауалына жауап бере отырып, шипажайдың нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз екенін жеткізді.
«Соңғы бірнеше жыл бойы нысанға қол жеткізе алмағанымызды ұмытпаңыздар. Енді ғана құжатын түгендеп болдық. Барлық мәселені ашық талқылап, әрі қарай қалай қолданатынымызды анықтайтын арнайы жұмыс тобын құрамыз», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, биыл наурыз айында «Азия Авто» мен «БИПЭК Авто Қазақстан» компанияларының сегіз топ-менеджеріне қатысты сот шешімі шыққан.
Атышулы Балушкин 2021 жылы үстіне іс қозғалған кезде Ресейге қашып кетіп, сол жақтың азаматтығын алған. Билік оның активтерін, соның ішінде «Рахман қайнары» базасын мемлекет меншігіне қайтарып жатыр. Кремль? Мәскеу Балушкинді экстрадициялаудан бас тартуда.
Бұған дейін Бас прокурор Берік Асылов қашқынды елге қайтару туралы хат жіберген-тұғын. Алайда Ресейдің Әділет министрлігі әлгі өтінішті қараудан бас тартқан болатын.
Асыловтың мәліметінше, Ресей шешімді 2002 жылғы Минск конвенциясын негізге ала отырып қабылдаған-мыс. Ол бойынша орыстардың өз азаматына қатысты шетелдік соттың үкімін мойындамау құқығы бар.
Астана Балушкиннің Мәскеу, Петербор, Новосібір және Краснодардағы жылжымайтын мүлкін бұғаттау туралы өтініш жіберген. Көршіміз бұл өтінішті де қарастырмай, тартпаға тастай салыпты.
«Бүйтер болсақ, елдің қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келуі мүмкін» деп түсіндірген екен Мәскеу.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Балушкиннің ресейлік бекінісі: Қазақстанның талабы тағы да тартпада қалды

