«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алдағы екі жыл ішінде Еуропадағы активтерінің бір бөлігін сатуға шығармақ. Компанияның еншілес құрылымы KMG International N.V. холдингінің 50 пайызға дейінгі үлесін жеке инвесторларға ұсыну жоспарланып отыр, деп жазады Ertenmedia Orda порталына сілтеп.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, активтер 2026-2027 жылдары екі кезеңнен тұратын ашық конкурс арқылы сатылады.
Қазір KMG International толығымен «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Холдинг құрамына Румыния, Швейцария, Болгария, Грузия, Молдова, Түркия және Қазақстандағы 28 кәсіпорын кіреді.
KMGI активтері қатарында Румыниядағы «Петромидия» және «Вега» мұнай өңдеу зауыттары, мұнай-химия кешені, терминалдар және Еуропа бойынша Rompetrol брендімен жұмыс істейтін 1400 жанармай бекеті бар.
Компания шикізатты Қазақстаннан бөлек, өзге елдерден де сатып алады.
Румыниядағы зауыттарды модернизациялау жұмысы Қазақстандағы Атырау, Павлодар және Шымкент зауытынан да бұрын жүргізілген болатын. 2017-2021 жылдар аралығында KMG International компаниясының жылдық табысы 4,8-11,6 млрд долларды құраған.
Айта кетейік, соңғы 20 жылда «ҚазМұнайГаз» румындық зауыттарға шамамен 7 миллиард доллар инвестиция құйғанымен, инвестициялар өз-өзін ақтамаған. Бұған дейін компания осы активтерді Қытайдың CEFC компаниясына сатуға әрекет еткен еді, алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталды.
Сонымен бірге KMG International айналасында бірнеше рет жанжал туындаған: кәсіпорындар алаяқтыққа қатысы бар деп айыпталып, өндірістегі апаттармен көзге түскен.
2025 жылдың басында «ҚазМұнайГаз» болгариялық «Лукойлға» тиесілі мұнай өңдеу зауытын сатып алуға қызығушылық танытқаны белгілі болды. Bloomberg агенттігінің ақпаратына сәйкес, мәміле құны шамамен бір миллиард доллар шамасында болуы мүмкін еді. Мұндай қадам еуропалық нарықтағы өңдеу қуатын екі есе арттырып, ішкі шектеулерден тәуелділікті төмендетуге жол ашатын.
Сондай-ақ, бұған дейін ҚМГ «Лукойлдың» Қарашығанақ кенішіндегі үлесін сатып алатыны туралы қауесетті жоққа шығарған болатын. Компания Қарашығанақ, Теңіз және КТК тәрізді ірі жобалардың санкциялық тізімге енбегенін мәлімдеді.
ҚМГ-ға жасалған шабуыл: ресейлік хакерлер мұнай алыбының жүрегіне қалай жол тапты

