Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне нақты бағыт берді. Үкімет құжат қабылдап, экономикаға қажет маман дайындау туралы жиі айтылады, ал оның күнделікті өмірдегі көрінісі колледждердің жұмысынан білінеді. Сол оқу орындарының бірі APEC PetroTechnic жоғары колледжі. Колледж басшылығы мұнай-газ саласына маман дайындаумен қатар, оқытушылардың өз білімін халықаралық деңгейде шыңдауын да маңызды санап отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сол мақсатта колледждің математика пәнінің аға оқытушысы Гүлфия Кабиденова Жапонияның Хиросима қаласында өткен WALS 2025 халықаралық конференциясына қатысып қайтты. Бұл Lesson Study әдісін дамытуға арналған әлемдік қауымдастық. Конференцияға түрлі елдің зерттеушілері, мектеп және колледж ұстаздары жиналып, өздерінің зерттеу сабақтарын таныстырды.
Гүлфия Кабиденова да өз жұмысын постер-презентация түрінде ұсынып, шетелдік әріптестермен пікір алмасуға мүмкіндік алды. Осы арқылы қазақстандық колледж ұстазы зерттеу сабағын жоспарлау, өткізу, талдау тәжірибесін тек теориядан емес, нақты әлемдік ортада салыстырып көрді.
WALS 2025 жиыны төрт күнге созылып, Lesson Study-дің қай кезеңнен қай деңгейге дейін дамығанын талқылаған алаңға айналды. Баяндамаларда цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған заманда зерттеу сабағының рөлі қандай болуы керек деген сұрақ көтерілді.

STEM пәндері, гуманитарлық және қолданбалы мамандықтар үшін Lesson Study-ді қалай бейімдеу қажет екені көрсетілді. Конференцияға қатысушылар жапон мектептерінде өткен нақты зерттеу сабақтарына кіріп, жоспарлау, бақылау, талқылау кезеңдерін көзімен көрді. Осы тәжірибе кейін колледж аудиториясына, өндірістік оқу сабақтарына бейімделіп қайтатыны түсінікті.
APEC PetroTechnic жоғары колледжінің директоры Асылбек Нұрмышевтің айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылы жарияланғанымен, тек ұранмен шектелуге болмайды. Ол үшін халықаралық тәжірибеге шығып, озық әдістерді алып келу қажет.
Басшының ойынша, заманауи жабдық, жақсы лаборатория – бір бөлек, ал сол жабдықты тиімді қолданатын, студентпен дұрыс жұмыс істей алатын педагог – екінші бөлек күш. WALS сияқты беделді алаңдарға қатысу колледждің даму стратегиясына да, студенттің білім сапасына да әсер етпей қоймайды. Себебі ондай ортада ұстаз тек тыңдамай, өз жұмысын көрсетеді, сын естиді, сұрақ алады, сол арқылы кәсіби деңгейін нақты көтереді.
Халықаралық тәжірибе жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға да ықпал етеді. Шетелде зерттеу сабағы күнделікті жұмысқа айналса, бізде енді-енді жүйеленіп жатыр. Lesson Study-ді нақты қолдану арқылы колледждерде: сабақ сапасы көтеріледі, студенттің дағдысын бағалау өзгереді, өндірістік оқыту шынайы жағдайға жақындайды. Жергілікті бағдарламаларды қайта қарап, мазмұнын жаңғыртуға себеп туады. Жұмысшы мамандығын таңдаған жастар тек «қолмен істейтін адам» емес, технологияны, есеп-қисапты, қауіпсіздік мәдениетін жақсы меңгерген кәсіби маманға айналуы тиіс.
APEC PetroTechnic ұстазының Жапониядағы WALS 2025 конференциясына қатысуы – жай іссапар емес, елдегі кәсіптік білім берудің халықаралық кеңістікке шыққан белгісі. Мұндай қадамдар көбейген сайын қазақстандық колледждер әлемдік талапқа жақындайды, ал Жұмысшы мамандықтары жылы қағаздағы шешім емес, нақты нәтиже беретін кезең ретінде есте қалады.

