Қарағандының әйгілі «Шахтёр» футбол клубы жекеменшікке өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Аукцион қорытындысы бойынша клубты қазақстандық миллиардер Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding компаниясы сатып алды. Келісім президент Тоқаевтың спорт клубтарын мемлекеттің иығынан түсіріп, жекенің қолға өткізу туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.
Жаңа иесі клубты басқарумен шектелмей, Қарағанды облысында толыққанды футбол экожүйесін құруды көздеп отыр. Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 18,5 млрд теңге.
Оның ішінде 12 млрд теңге «Шахтёр» футбол академиясын салуға жұмсалса, қалған 6,5 млрд теңге балалар-жасөспірімдер мен бұқаралық футболды дамытуға бағытталады.
Аумағы 10 гектарға жуық футбол академиясы жас футболшыларды тәрбиелеудің негізгі орталығы болмақ. Онда толық өлшемді жабық футбол мәнежі, медициналық орталық, жаттығу залы, бәссейн, асхана, сауна және ойыншыларға арналған жатақхана салынады. Барлық нысандар бір-бірімен жылы өткелдер арқылы жалғасады. Академия аумағында заманауи воркаут алаңдары, ашық жаттығу кешендері және арнайы саябақ орын алады. Құрылыс жұмыстары 2027 жылға қарай аяқталады деп жоспрланған.
«Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлінеді. Оларға УЕФА лицензиясын алу үшін халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылады. Футбол инфрақұрылымы тек қалаларда емес, ауылдық жерлерде де дамытылады», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Бұдан бөлек, аймақтағы мектеп оқушыларына арналған Freedom BFL балалар-жасөспірімдер лигасын дамыту бойынша әлеуметтік жобалар іске қосылады. Мамандар бастаманы өңірдегі футболды түбегейлі өзгертетін үлкен бетбұрыс деп бағалауда. Дегенмен, жоспардың қаншалықты жүзеге асатыны жаңа басшылықтың нақты әрекеттеріне байланысты болмақ.

