Жамбыл облысында ант қабылдау рәсімінде әскери қызметкер бір көзінен айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
24 жастағы Жақсылық Молдақұлдың айтуынша, басшылықтың бұйрығымен басына бөтелке сындырғаннан кейін осындай жағдайға тап болған.
Оқиға өңірдегі таулы-егерь полкінде болған. Ант қабылдау рәсіміндегі әскери «қойылым» кезінде сарбаздар оттан секіріп, жекпе-жек ұйымдастырып, басына бөтелке сындырған.
Соның біріне қатысқан Жақсылықтың жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер сарбаздың көзін тігіп беруге мәжбүр болған. Жамбыл облыстық офтальмология орталығының дәрігерлері әскери қызметкердің жарақаты өте ауыр екенін айтады.
«Ішкі қабықтары ағып кеткен көз жанарын сақтап қалуға тырыстық. Енді екінші көзге зақым келмес үшін күресіп жатырмыз», – деді орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова.
Әскери бөлім басшылығы оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
«Қазір нақты мүгедектік туралы айту ерте. Медициналық сараптама әлі жасалмады. Біз қажетті көмектің бәрін жасаймыз», – дейді 91/678 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Есалы.
Дегенмен зардап шеккен сарбаздың туыстары оқиғаның жылы жабылуынан қауіптенеді.
Жақсылықтың туысы Таңшолпан Айнабек әскери қызметкердің мұндай қауіпті трюкке басшылықтың қабағынан қаймығып, амалсыздан барғанын мәлімдеді.
Ал анасы Гүлзира Байқонысова Қорғаныс министрлігінен көмек сұрап отыр:
«Мен жалғызбасты анамын, балам үйдің асыраушысы. Әскерде төрт жыл келісімшарт бойынша қызмет етті, кейін жұмыс істеп жүрген еді. Енді ұлымның болашағы не болады? Көзі көрмей, қандай жұмысқа жарайтынын білмеймін», – дейді ол.
Бұған дейін Ertenmedia Қызылордадан Алматы облысындағы Қарасай ауданының шекара қызметіне (ҰҚК) шақырылған 18 жастағы Нұрасыл Әнуар жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын жазған еді.
Ресми диагноз менингококцемия. Менингококк бактериясы денеге тарап, сепсис тудырған. Дәрігерлер мәліметінше, сарбаз осы қауіпті инфекцияның асқынуынан көз жұмған.
Алайда марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр. Айтуларынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығында еш кінәрат болмаған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
«Адам келетін жер емес екен…». Армияда көз жұмған Нұрасылдың соңғы сөзі

