Қазақстанда банктер арасында мобильді аударымдарды реттейтін жаңа ортақ жүйе мен бірыңғай QR-код іске қосылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс қабылдаған заңға сәйкес, банктер мен сақтандыру компаниялары енді қаржылық технологиялар саласына көбірек инвестиция сала алады. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы алаяқтық әрекеттің алдын алп, несие беру жүйесінің сапасын арттыру көзделген.
Жаңа заң аясында Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрылып, бірыңғай QR-код пен банктер арасындағы мобильді төлемдер жүйесі енгізіледі.
Сонымен қатар, Қаржы омбудсманының өкілеті кеңейіп, жеке тұлғалардың проблемалы несиесіне қатысты дауларды реттейтін болады.
Заңда жеке тұлғалардың несиелік қарыздарын коллекторға сатуға салынған мораторий мерзімі 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылғаны айтылды.
Сақтандыру келісімшартын электронды түрде мерзімінен бұрын бұзу немесе тоқтату мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, қарызды ұжымдық реттеу және жеке және заңды тұлғалардың банкроттық рәсімдерін жетілдіру механизмі де енгізілуде.
Енді сақтандыру компаниялары несие немесе микрокредит мерзімінен бұрын жабылған жағдайда, клиентке сақтандыру сыйақысын 5 жұмыс күні ішінде қайтаруға міндетті.
Бұдан бөлек, банктерге мемлекеттік сыйақыны қолданбай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақтарын тартуға рұқсат берілді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

