Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – еліміздің ішкі саясатындағы маңызды белес әрі тарихи шешім, деп жазады Ertenmedia.kz ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің пікіріне сүйеніп.
Аталған құжатты әзірлеу қажеттігі соңғы уақытта жиі көтеріліп, Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында сарапшылардың назарына ұсынылған еді. Белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов сынды сарапшылар ішкі саясаттың жаңа тұжырымдамасын жасауды уақыт талабы деп атады.
Жарты жылдан аса уақыт бойы дайындалған бұл тұжырымдаманың басты мақсаты – ішкі саясаттың идеологиялық негіздерін, мемлекеттік басқарудың басты бағыттарын біріздендіру.
Тұжырымдаманың әзірленуіне Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Рауан Кенжеханұлы бастаған қоғам белсенділері мен ғалымдар үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде, тұңғыш рет елдегі ішкі саясаттың нақты қағидаттары мен ортақ құндылықтары жүйелі әрі түсінікті түрде бекітіліп отыр.
Жаңа құжатта Қазақстанның ұлттық нышандары айқындалған. Мәселен, шаңырақ – ұлттық бірліктің, домбыра – ұлттық музыканың, ал Абайдың «Қара сөздері» – ұлттық кітаптың символы болып белгіленді.
«Құжаттың басты мақсаты – әртүрлі пікірдегі азаматтарды ортақ ұлттық құндылықтар төңірегінде біріктіру. Сондықтан мұнда қандай да бір жаңа идеологияны насихаттау көзделген жоқ», – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Жарқыраған ұрандар күні өтті
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бұл тұжырымдама елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды қоғаммен бірге атқарудың, халықтың пікірін ескерудің нақты көрінісі. Яғни, ішкі саясаттағы реформалар жоғарыдан нұсқау арқылы емес, азаматтардың қатысуымен, қоғамдық диалог негізінде жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті насихаттайтын «Таза Қазақстан» жобасы, мектептердегі «Адал азамат» бағдарламасы сияқты нақты бастамалар – осы тұжырымдаманың жемісі.
«Қазіргі заман цифрлық этиканы да талап етіп отыр. Сондықтан ақпараттық алаңдағы жалған мәліметтер мен манипуляцияларға қарсы орталық құрылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бүгінде мемлекет жарқыраған ұрандардан гөрі нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстарға басымдық беруде. Соңғы бес жылда экономика өсіп, инфрақұрылым жақсарып, қоғам өмірінде нақты оң өзгерістер орын алды. Мұның бәрі ірі реформалардың жарқын көрінісі.
«Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – ашықтық, әділдік және жүйелі әрекет ету. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау – мемлекет үшін ең басты құндылық», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







