2025 жылғы 27 қарашада Астанада цифрлық қауіпсіздік және қаржылық алаяқтыққа қарсы жаңа әдістер туралы форум өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараны ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі (ҚМА) мен Zakon.kz Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана әкімдігімен бірлесіп, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды.
Форум мақсаты – цифрлық гигиена, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың заманауи әдістері мен дропперлік схемаларды халыққа түсіндіру.
«Бұл форум – мемлекеттік органдармен, әсіресе ҚМА-мен бірлесіп жасалатын жүйелі ағартушылық жұмыстың жалғасы. Біз бірнеше жылдан бері құқықтық сауаттылықты арттыру, алаяқтықпен күрес бойынша қоғамға нақты ұсыныстар беріп келеміз. ҚМА құқық қорғау органдарымен бірге осы ұсыныстарды тиімді пайдаланып отыр», – деді «ЮрИнфо компаниясы» ЖШС Бас директоры Михаил Коломин.
Оның айтуынша, форумға мемлекеттік органдар, Парламент депутаттары, сарапшылар, блогерлер және студенттер қатысқан.
«Спикерлер интернет-алаяқтық, дипфейктер, жеке деректерді қорғау тәсілдері туралы айтты. Форумды Zakon.kz арқылы тікелей эфирде өткізіп отырмыз. Жастардың цифрлық қауіпсіздік бойынша алған білімін жақындарына жеткізуі маңызды», – деді ол.
ҚМА өкілі Андрей Давыдов Қазақстанда 2025 жылы дипфейктерге қатысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
«Алаяқтардан қорғану үшін отбасыңызбен код сөздерін келісіп алыңыз, белгісіз адамдарға ақша жібермеңіз, шұғыл өтініштерге бірден жауап бермеңіз. Фотосурет пен бейнежазбаларды бөтен адамдарға жіберуге болмайды. Қауіпсіздіктің негізі – сыни ойлау. Бір нәрсе күмәнді көрінсе, асықпай ойланыңыз», – деп кеңес берді ол.
Түйін
«Астана Жастары» ұйымының қызметкері Шыңғыс Тілеулин де алаяқтықтан қорғанудың жолдарын түсіндірді.
«Сізден нөмір мен код сұрайтын хабарламаларға, сілтемелерге сенбеңіз. Әлеуметтік желіде досыңыз ақша сұраса, алдымен оған хабарласып, мән-жайды анықтаңыз. Осындай форумдар арқылы қауіпсіздік туралы жаңа біліммен қарулану қажет», – деді ол.
Форумда жасанды интеллектке негізделген ҚМА-ның AI-офицері таныстырылды. Ол қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, дипфейктер туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар құқықтық мәселелер бойынша PRG.Komek жасанды интеллект жүйесі де таныстырылды.
«PRG.Komek – кез келген заң мәселесі бойынша нақты әрі қысқа жауап беретін жүйе. Ол 3-5 секунд ішінде PRG.kz («Параграф» АЖ) деректер базасына сүйеніп, жауап береді. Барлық ақпарат заңгер мамандардың бақылауында», – деді PRG маманы Алуа Беменқызы.
Форум барысында цифрлық қауіпсіздік туралы бейнероликтер мен оқу материалдары ұсынылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







