Қазақстандық CPC Blend мұнай сортының экспорты былтырғы ақпаннан бергі ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters агенттігінің дерегінше, Анкара ресейлік Urals маркалы мұнайды сатып алу көлемін күрт қысқартып, санкцияға ілікпеген Қазақстан мен Ирак шикізатын көбірек импорттай бастаған. Бұған дейін Түркия Ресей мұнайын ең көп тұтынатын елдердің қатарында Қытай мен Үндістанмен бірге алдыңғы орында тұрған еді.
Қазан айымен салыстырғанда, Түркияға жеткізілетін Urals көлемі үштен бірге азайып, тәулігіне 200 мың баррельді құрады. Бұған Ресейдің «Роснефть» пен «Лукойл» секілді ірі компанияларына АҚШ санкциясының күшейтілуі себеп болды. Нәтижесінде түрік мұнай өңдеу зауыттары балама жеткізушілер іздеуге мәжбүр.
«Қазақ мұнайы Ресей шикізатының орнын басуға қолайлы болып шықты. CPC Blend мұнайының құрамы Urals-қа ұқсас, бірақ санкцияға ілікпейді, өйткені оны ресейлік порт арқылы экспорттағанымен, өндірушілері қазақстандық компаниялар», – делінген хабарламада.
Қараша айында Қазақстанның CPC Blend мұнайы экспорты тәулігіне 105 мың баррельге жетіп, осы көрсеткіш 2024 жылдың ақпанынан бергі рекордтық деңгей болып отыр. Бұдан бөлек, Түркия KEBCO маркасын және Ирактың Basrah мұнайын импорттауда.
Айта кетерлігі, бұған дейін Бейжің де ресейлік мұнайды сатып алу көлемін қысқартқаны хабарланған болатын.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниялары АҚШ санкцияларына байланысты Ресей шикізатынан уақытша бас тартқан. Сарапшылар соңғы оқиғалар Қазақстан мұнайының Қытай нарығына кіруіне кең мүмкіндік ашады деп отыр. Себебі отандық шикізат сапасы жағынан Ресей мұнайынан кем түспейді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Ресейден бас тартқан Бейжің: Қазақ мұнайы Қытай қақпасын қақты

