«Транстелеком» компаниясының бақылау пакетін сату ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы сарапшы Алма Төлебаева мәлімдеді. Оның пікірінше, ұлттық оператордың стратегиялық маңызы ескерілмей, сауда тек коммерциялық жоба ретінде қарастырылып жатыр.
Сарапшы «Транстелекомның» әу баста «Қазақстан темір жолы» компаниясының байланыс бөлімшелерінің негізінде құрылғанын еске салды. Компанияның тарихы ДГП «Головная дистанция связи» мекемесінен басталған. Ұйым кезінде теміржолдағы телефон, телеграф байланысын, автоматика жүйелерін қамтамасыз етіп, пойыз қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей жауап берген. 1999 жылы дербес оператор ретінде бөлінгенімен, әлі күнге дейін ұлттық тасымалдаушы КТЖ-ның негізгі серіктесі әрі байланыс қызметтерін эксклюзивті түрде ұсынатын бірегей мекеме болып қалды.
«2016 жылы «Транстелекомды» жекешелендіру басталды. Ал 2017 жылы компанияның 26 пайыз минус бір акциясы сатылды. 2021 жылы оның 75 пайыз минус бір акциясын Unit Telecom компаниясы иеленді. Бұл компанияның иелері арасындағы ауыс-түйіс туралы сөз қозғаудың өзі артық», – дейді Төлебаева Facebook парақшасында.
Биыл наурызда Forbes журналы «Транстелеком» мен Freedom Telecom арасында ірі мәміле жасалғанын хабарлаған. Оның аясында жеті дата-орталық сатылып, олардың құны 2023 жылғы 31 желтоқсандағы бағам бойынша 8,98 млрд рубльге бағаланған. Дата-орталықтар оператор активтерінің жалпы құнының 26,07 пайызын құрайды.
Келіссөзге ҰҚК араласуы тиіс пе?
Төлебаеваның айтуынша, «Транстелеком» тек теміржол саласына ғана емес, «ҚазАтомӨнеркәсіптің» «Цифрлы кеніш» жобасы мен ауыл аймақтағы байланыс жүйелеріне де жауапты. Сондықтан, компанияның акциясын сату мәселесі жеке бизнес мүддесінен бұрын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
«Транстелекомға» елдегі бірнеше маңызды инфрақұрылым бағыты тікелей тәуелді. Сондықтан 75 пайыздық бақылаушы пакетті сату тек жекелеген бизнестің пайдасына емес, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан шешімін табуы керек», – деп санайды сарапшы.
Сонымен қатар ол келісімнің міндетті түрде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.
«Елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне жауапты орган ретінде ҰҚК аталған мәмілені бақылауға алып, толық қатысуға міндетті», – дейді Алма Төлебаева.
Оның пікірінше, мұндай стратегиялық активтің Тимур Турловтың қолына шоғырлана бастауы алаңдаушылық туғызады.
Контекст
Бірер күн бұрын «Транстелекомның» акционерлері мәмілені жүзеге асыру үшін компанияның директорлар кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Қазіргі таңда оператор келісімнің реттеуші органдардан рұқсат алу кезеңіне өтті. Компанияның бақылау пакеті әлі де Unit Telecom-да (75%), қалған 25% «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі.
Бұған дейін Турлов ақшаны қай валютада сақтау тиімді екенін айтқан болатын.
Доллармен ойнамай, депозитпен ұту: Тимур Турлов теңгені таңдауға шақырды
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







