Хромтаудың экс-әкімі Сағындық Шабықбаев сотта пара алғанын мойындады. Алайда шенеунік бас бостандығынан айырылмай, тек айыппұлмен құтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Orda-ның мәлім еткеніндей сот отырысы жеделдетілген тәртіпте өткен. Айыптауға сәйкес, бұрынғы әкім қала аумағын абаттандыру бойынша орындалмаған жұмыс актісіне қол қоймағаны үшін мердігерден пара алған.
Шабықбаев соттағы соңғы сөзінде кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
«Кінәмді толық мойындаймын, қатты өкінемін. Маған айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраймын. Айыппұл төлеуге ақшам жеткілікті», – деді сотталушы.
Сот Шабықбаевты кінәлі деп танып, пара сомасынан 30 есе артық 12 млн теңге айыппұл салды. Экс-шендінің мүлкі тәркіленген жоқ. Алайда ол енді мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды.
«Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Қамауда отырған уақыты ескеріліп, жалпы айыппұл мөлшері 11,3 млн теңге болып белгіленсін», – деді судья үкімде.
Қазір 40 жастағы Сағындық Шабықбаев төрт баланың әкесі. Хромтау қаласының әкімі болып 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Оған дейін түрлі мемлекеттік қызметтерде еңбек еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

