Берлинде Украина мен Германия қорғаныс саласындағы әріптестік кезеңге қадам басты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Батыс ақпарат көздері мұны «ірі әскери одаққа ұқсас жүйе» деп сипаттауда. Себебі байланыс тек қару жеткізумен шектелмейді. Екі тарап қаруды бірге әзірлеу, өндірісін жолға қою, жаңа үлгілерді тез енгізу сияқты нақты бағыттарды алға шығарып отыр.
Германия Украинаға Еуропада ең көп қолдау көрсеткен елдердің бірі ретінде қорғаныс өнеркәсібін күшейтуге де мүдделі.
Рейтер агенттігі жазғандай, Берлин Украинаға қолдауды күшейтетін 10 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Онда бірлескен кәсіпорындар құру, қорғаныс зерттеулерін бірге жүргізу, нарықтарды жақындату, сатып алуды үйлестіру сияқты тармақтар бар.
Тағы бір маңызды мәселе Берлинде украин қорғаныс саласымен байланысатын арнайы кеңсе ашу жоспарлап отыр. Мұндай кеңсе неміс компанияларымен тікелей жұмысқа жол ашпақ.
Зеленскийдің өзі де Германияда украин армиясы мен қорғаныс индустриясының өкілдігі құрылатынын атап өтті. Соғыс тәжірибесі бар украин инженериясын немістің өндірістік тәртібімен ұштастырса, жемісті болатыны сөзсіз.
Кейбір жобалар қазірдің өзінде нәтиже бере бастаған. Айталық, Financial Times Украина стартапы мен немістің Quantum Systems компаниясы дрон өндірісін Германияда жолға қоюға кіріскенін жазды.
Осының бәрі бір сөйлеммен айтқанда, Украина өз қауіпсіздік серіктестіктерін «қағаздағы келісім» деңгейінде қалдырмай, өндіріс пен технологияға байлап жатыр.
Украинада жиналған ұрыс тәжірибесі мен жаңа шешімдер Еуропаның қорғаныс саласына аудай қажет. Сондықтан Берлиндегі келісімдер көпшілік ойлағандай жай протокол емес, әскери-өнеркәсіп байланысын ұзаққа бекітетін қадамға көбірек ұқсайды.

