Қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 12,4%-ға дейін баяулады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтің 17 желтоқсанда өткен жиынында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осындай деректі алға тартты.
Инфляция қарқынының негізгі драйвері азық-түлік бағасының өсуі.
Бұл бағытта баға бір жылда 13,4%-ға көтерілген. Бұған жаһандық нарықтағы жекелеген тауарлардың қымбаттауы мен ел ішіндегі өндірістік шығындардың артуы себеп.
Қарашада азық-түліктік емес тауарлардың бағасы 11,2%-ға, ақылы қызметтер 12,3%-ға өсті. Қазан-қараша айларында тарифтердің әкімшілік жолмен төмендетілуі инфляцияның қарқынын аздап тежегенімен, бұл фактордың әсері шектеулі.
«Коммуналдық тарифтердің қайта көтерілуі мен жанармай нарығындағы бағаның ырықтандырылуы инфляциялық қысымды қайта күшейтті. Сонымен қатар ішкі тұтынудың белсенділігі, бюджеттік ынталандыру шаралары мен тұрғындардың инфляциялық күтімдері бағаның өсуін әлі де үдетіп отыр», – дейді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменов теңге бағамының жыл басынан бері 2,4%-ға нығайып, 512,57 теңгеге тұрақтағанын да атап өтті. Валюталық динамиканың тұрақтануына Ұлттық банктің ұстамды ақша-несие саясаты ықпал еткен. Бұл шара теңгелік активтердің, соның ішінде шетелдік инвесторлар үшін де тартымдылығын арттырды.
Мәселен, бейрезиденттердің қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарға салған портфельдік инвестициялары жыл басынан бері шамамен 750 млрд теңгеге, ал тек қараша айында 340 млрд теңгеге артқан.
Ұлттық банк теңгенің қолтығынан демеді ме?
Теңге бағамын қолдауда Ұлттық банк тарапынан жүргізілген валюта нарығындағы операциялар маңызды рөл атқарған. Жыл басынан қарашаға дейін Ұлттық қордан бюджетке трансферттер аясында жалпы сомасы 7,8 млрд доллар сатылған. Ал алтын сатып алу операцияларының көлемі 6,1 млрд долларды құрады.
Қараша айының соңындағы жағдай бойынша, Қазақстанның халықаралық жалпы резервтері 20,1%-ға ұлғайып, 125,7 млрд долларға жетті. Оның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 35,5%-ға артып, 62,1 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері 8,1%-ға өсіп, 63,6 млрд долларға жеткен.
«Жыл басынан бері Ұлттық қорға түскен қаражат 3,6 трлн теңгеге жетсе, республикалық бюджетке аударылған трансферттер көлемі 4,9 трлн теңге. Биылғы 11 айдағы қордың инвестициялық табысы 13,7%-ды немесе 8,2 млрд долларды құрады», – деді Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін Сүлейменов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты жоспарымен бөліскен еді.
18 пайыздың «ұзақ демалысы»: Бас банкир мөлшерлемені төмендетуге асықпайды

