Apple корпорациясы 2026 жылдан бастап iPhone смартфонына арналған App Store-да жаңа жарнама түрін енгізеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір жарнамалық материалдар қолданушылар іздеу жүйесінде қосымша іздегенде тек жоғары бөлікте көрсетіледі. Apple өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы жарнама іздеу парақшасының төменгі тұсында да пайда болмақ. Оның орналасатын орны нақты белгіленбеген. Яғни жарнама беруші өзіне ыңғайлы орын таңдай алады.
Жаңа форматтағы жарнама үшін тапсырыс берушілер әр қолданушының жарнамамен әрекеттескеніне немесе көрсетілген қосымшаны жүктеп алғанына қарай ақы төлейді.
9to5Mac басылымының хабарлауынша, жаңа функция Apple компаниясына қосымша табыс әкеледі. Компания өкілдері бұл жаңашылдық пайдаланушылар үшін де, жарнама берушілер үшін де тиімді екенін алға тартты.
Apple дерегінше, қосымшаларды iPhone-ға орнатуда негізгі құрал – іздеу жүйесі. Статистика бойынша, смартфондарға жүктелген қосымшалардың 65%-ы App Store-дың іздеу жүйесі арқылы табылған.
Айта кетейік, бұған дейін Apple компьютерлерінің бағасы күрт қымбаттайтыны хабарланған еді.

