Ғылым ордасында ғалым, тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дипломатиялық хат-қағаздар құпиясы
Ғылыми іс-шараны «Ғылым Ордасы» РМК мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты қазақ жазба мұраларын, әсіресе Қазақ хандығы дәуіріндегі дипломатиялық хат-қағаздардың ғылыми маңызын көпшілікке таныстыру, сондай-ақ отандық тарихнамадағы жаңа деректер мен тұжырымдарды ғылыми орта мен оқырман қауымға ұсыну болды.
Аталған еңбек – автордың көп жылдар бойы жүргізген жүйелі ғылыми зерттеулерінің нәтижесі. Кітапта осы сала бойынша ел ішінде де, шетелде де тұңғыш рет дайындалған, мазмұны терең, деректік негізі берік ғылыми монография ұсынылды.
Құнды тарихи құжаттарға негізделген зерттеу
Зерттеу аясында Қытай мұрағат қорларында сақталған қазақ хандары мен сұлтандарының 160 дипломатиялық хаты, сондай-ақ Цин патшалығының 6 патша “жарлығы” ғылыми айналымға енгізілді. Сонымен қатар, 31 тарихи құжаттың факсимилесі беріліп, төл жазба мұрамыздың мазмұны, тілі мен жазу мәдениеті жан-жақты талданды.
Іс-шара барысында ғалым, тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының еңбегінің ғылыми маңызы мен жаңалығы таныстырылып, Қазақ хандығы дәуіріндегі дипломатиялық құжаттардың тарихи мәні, Цин патшалығымен болған саяси байланыстар, сондай-ақ қазақтың жазу мәдениеті мен деректанулық зерттеу мәселелері талқыланды.
Кітапта қамтылған жаңа архивтік деректердің отандық тарих ғылымына қосатын үлесі, бұл құнды тарихи құжаттардың халқымыздың өткен тарихын, мемлекеттік басқару жүйесін және сыртқы саяси байланыстарын қайта зерделеуде, сондай-ақ қазақтың жазу мәдениетін терең зерттеуде теңдесі жоқ дереккөз екені айтылды.
Кітаптың тұсаукесері отандық тарих ғылымының дамуына серпін берген маңызды ғылыми-мәдени оқиға болды. Еңбекте қамтылған бірегей архивтік деректер мен ғылыми тұжырымдар қазақ жазба мұрасын зерделеуге, жүйелеуге және тарихи-деректанулық зерттеулердің болашақ бағытын айқындауға зор ықпал етеді.

