Қазақстанда микро және шағын бизнесті әкімшілік қысымнан қорғау мақсатында салық қарызын өндіріп алу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұрын салық қарызы 6 АЕК (шамамен 26 мың теңге) көлемінде қалыптасқан жағдайда-ақ мәжбүрлі түрде өндіру басталатын. Ал әлеуметтік төлемдер бойынша кез келген сомадан бастап өндірілетін. Енді бұл тәртіп өзгереді.
«Бұдан былай салық берешегі 87 мың теңгеден (20 АЕК) асқан жағдайда ғана өндіріп алу шарасы басталады. Әлеуметтік төлемдер бойынша бұл шек 26 мың теңгеге (6 АЕК) дейін көтерілді», – деді министр.
Тәкиевтің сөзінше, қазіргі кезде әлеуметтік төлемдерге қарызы бар шағын бизнес субъектілерінің 72 пайызының борышы 6 АЕК-тен аспайды. Бұрын дәл осы топқа жиі әрі қатал шаралар қолданылатын. Енді бұл талаптар айтарлықтай жеңілдейді әрі кәсіпкерлерге түсінікті болмақ.
Атап айтқанда, енді салық бойынша қарызы 87 мың теңгеге дейінгі (20 АЕК) шағын кәсіпкерлерге тек хабарлама жіберіледі және өсімпұл ғана есептеледі.
Қарызы 87 мың теңгеден 195 мың теңгеге (20-45 АЕК) дейін болса, салық органы ескерту жолдайды. Егер кәсіпкер қарызын өтемесе, банк шотынан тек қарыз сомасы көлемінде шығыс операциялары шектеледі. Тек осыдан кейін ғана инкассалық бұйрық жіберілуі мүмкін.
Ал 195 мың теңгеден (45 АЕК) асқан берешегі бар кәсіпкерлерге ғана қатаң шаралар қолданылады. Мұндай жағдайда мүлкін тәркілеп сату немесе дебиторларынан мәжбүрлі өндіру шарасы іске қосылады.
Бұған дейін Қаржымин банктегі ақша айналымын бақылаудың жаңа ережелерін бекіткен болатын. Келер жылдан бастап банктер Мем.кірістер комитетіне клиенттің есепшоты туралы деректі жаңа талап бойынша өткізеді.

