Қаржы министрі Мәди Тәкиев шенділердің табыс декларациясы неліктен әлі күнге дейін ашық жарияланбай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, декларацияларды жариялау мерзімі 31 желтоқсанға дейін, әрі бұл процесс Антикор бекіткен ережеге сәйкес жүргізіледі. Биыл қабылданып жатқан декларацияда негізгі деректер толық көрсетілмейді.
«Қазіргі талап бойынша, декларацияға тек биылғы кезеңде сатып алынған немесе сатылған мүлік, шетелдегі актив, шетелдік банктегі шоттар мен үлестер жазылады. Егер жыл ішінде мұндай мәміле болмаған жағдайда декларация бос күйінде қалады», – деді министр.
Тәкиев министрлердің өз декларациясы елге көрсетіле ме деген сауалға:
«Егер жыл бойы ешбір мәміле жасалмаса, шетелде активтер мен шоттар болмаса, көрсететін ештеңе де жоқ. Мысалы, биылғы менің өз декларациям бос», – деп жауап берді.
Қорытындылай келгенде, декларациялар формалды түрде бар, бірақ оларда дерек болмаса, халыққа ашық жарияланбайды.
Бұған дейін Қаржымин салықтан қысым көрген шағын бизнеске жақсы жаңалықты жария еткен еді.

