Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар Үкіметті қып-қызыл шығынға батырып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ӘКК-лардың бастапқыда өңірлік даму институты ретінде құрылғанын еске салды. Олар бизнес пен билік арасында алтын көпір болуы тиіс еді.
Алайда қазіргі уақытта корпорациялардың негізгі бағыты өзгеріп, еншілес қатысу, жалға беру, сенімді агент қызметтері сияқты өзіне тән емес функцияларды атқарып кеткен.
«Оған себеп орталық мемлекеттік орган тарапынан стратегиялық басқару мен жүйелі үйлестірудің болмауы. Бүгінде ӘКК қызметінің нақты мақсаты, ортақ бағыты мен түсінікті даму моделі айқындалмаған. Олар кәсіпкерлікті дамытумен жанама түрде ғана айналысады. Оның өзінде негізінен жеңілдетілген несие беру арқылы жұмыс істейді. Бірақ ӘКК қаржы ұйымдары қатарына жатпайды», – деді Смайылов Мәжілістегі жиында.
Ол корпорациялардың өкілетті органның бақылауынан тыс қалғанын атап өтті. Бұл бәсекелестік ортаның дамуын тежеп, экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді деп есептейді палата басшысы.
«Мемлекет меншігіндегі ірі активтерді иемденіп, тұрақты түрде қаржылай көмек алса да, ӘКК-лардың көпшілігі әлі күнге шығыннан шыға алмай отыр», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Бас аудитордың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға шүйлігуі бірінші рет емес. Смайыловтың дерегінше соңғы бес жылда бюджеттен ӘКК-лардың есепшотына 528 млрд теңге (!) аударылған. Оның жартысынан көбі кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге бөлінген.
Бірақ нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына, кейбір корпорациялар ақшаны депозитке салып, табысы төмен коммерциялық схемаларға жұмсап келген.
«ӘКК-лар қазір өздеріне берілген нақты міндетпен емес, өңірдегі басшылықтың қалауымен ғана жұмыс істейді», — деген болатын Бас аудитор.

