Санкт-Петербургте Екатерина Биволға қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған.
Ленин аудандық соты оны өзге ұлт өкілдеріне қатысты кемсітіп, жеккөрушілікті қоздырды деп айыптауда. Бұған дейін Бивол әлеуметтік желіде қазақ және қырғыз халықтарының атына дөрекі әрі қорлаушы сөздер айтқан видео жариялаған.
Сарапшылар жүргізген лингвистикалық талдау оның сөзінен ұлтаралық араздық пен бір топтың екіншісінен «артық» екендігін дәріптейтін элементтерді тапқан.
Бұл істі Ресейдің ішкі істер министрлігіне қарасты экстремизмге қарсы орталық (орталық «Э») қызметкерлері Telegram-арналарды тексеру кезінде анықтап, іске асырған. Сот отырысы 2026 жылдың 29 қаңтарына белгіленген. РФ әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 20.3.1 бабы бойынша Екатерина Бивол 20 мың рубль көлеміндегі айыппұлдан бастап, 100 сағаттық міндетті жұмысқа тартылуы немесе 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.
Танымал боксшының экс-жұбайы әлеуметтік желіде Ресей аумағында өзіне ештеңе болмайтынын айтқан еді. Дегенмен Ресей құқық қорғау органдары істі елеусіз қалдырған жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан Екатерина Биволға халықаралық іздеу жариялаған. Қазақстанның ІІМ-і оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және қамауға алу туралы шешім шығарылғанын растады. Қырғызстанның құқық қорғау органдары тексеру бастап, тиісті сараптама тағайындады. Кейіннен Биволдың әлеуметтік желідегі парақшалары жойылған не бұғатталған.

